Қасымов Денис Теннің өлімі бойынша тергеудің қалай жүріп жатқанын айтты

Қасымов Денис Теннің өлімі бойынша тергеудің қалай жүріп жатқанын айтты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов полиция өкілдеріне қарата айтылып жүрген халық наразылығына пікір білдірді. Ол соңғы уақытта көптің наразылығын тудырған ведомствоға қатысты сыни пікірді барынша ақтап алғысы келді. Ал «орныңызды босатуға дайынсыз ба?» деген тілшілер сұрағына Қасымов нақты жауап айта алмады, тек Үкімет қайда жіберсе сонда баруға дайын екенін мәлімдеді.

Бас полицейдің баяндамасы Денис Теннің өліміне қатысты тергеуден басталды. Елді дүрліктірген қайғылы жағдай кезінде министр Президентке екі рет баяндама жасағанын айтты. Олимпиада жүлдегері, аты әлемге әйгілі мәнерлеп сырғанаушыны пышақтап, көз жұмуына себеп болған қос қылмыскер мен қанды оқиға туралы біле тұра, үн шығармаған әйел кісіге қатысты тергеу әлі де жалғасуда екен. Іс жақында сотқа жіберілмек. Осы жағдайдан кейін өзгерген қоғам пікіріне Қасымов бүгін жауап берді.

«Өкінішке қарай, соңғы уақытта ІІД, сондай-ақ, полиция қатаң сынға қалып отыр. Көп жағдайда сын орынды айтылады. Расында, полиция қызметінде шешілмеген мәселелер көп. Біз олармен жұмыс істейміз, мәселелерді қоғамнан жасырмаймыз. Тәртіп пен заң бұзушылықтар анықталған кезде, әрбір ақпарат бойынша қызметкерді қызметінен босатуға дейінгі қатаң шаралар қолданылады. Ағымдағы жылы жағымсыз себептермен Ішкі істер органдарынан 600 қызметкер қызметінен босатылды», – деді Қ.Қасымов.

Полиция қызметінің салғырттығынан қылмыс көрсеткіші өршіп, органның түрлі былыққа батқандығын мойындаған Қалмұханбет Қасымовтан журналистер орныңызды босатуға дайынсыз ба деп те сұрады. Тікесінен қойылған тілшілердің сауалына министр аздап абдырап қалды.

«Біз – әскери адамдармыз. Қайда бұйырса, сонда жұмыс істейміз. Үкімет қалай шешеді, солай болады», – деді ол.

Журналистер жеті жылдан артық министр қызметіндегі Қасымовтан құзырлы орган жүйесіне қандай да бір өзгеріс енгізу жоспарда бар-жоқтығын да білгісі келді. Түрлі жетістіктер мен өзгерістерді тілге тиек еткен басшының жауабы көпті қанағаттандыра қойған жоқ.

«Адамдар бізден грузиялық тәжірибені неге енгізбейсіздер дейді. Ең бірінші олар не істеді? Грузияның аумағы Ақмола облысымен бірдей. Елдің аумағында жеті аудандық бөлім мен министрлікті салды. Айлықтарын 500-ден екі мың АҚШ долларына дейін көтерді. 3,6 миллион адамға 82 мың полицей болған болса, олардың санын 20 мыңға дейін қысқартып, айлықтарын 10 есеге дейін көтерді. Ал біз бір ғимарат та салған жоқпыз. Біздің айлықты көтермеді, техника да, жаңа форма мен рациялар да берген жоқ, бірақ бұл мәселелерді біз өзіміздің бюджетке қарап шешіп жатырмыз», – деп ағынан жарылды Ішкі істер министрі.

Ғимарат демекші, аталған ведомство, Астана департаменті мен елорданың бірнеше ауданындағы полиция бөлімдері жаңа орынға ауысуы ықтимал. Қазіргі нысанға көңілі толмайтын тәртіп сақшылары қаладағы қонақ үйді пана етпек.


Нұржан Сәдірбай, «Алматы» телеарнасы, Астана


Новости партнеров