Илья Ильин 2020 жылы өтетін жазғы Олимпиадаға қатысуы мүмкін

Илья Ильин 2020 жылы өтетін жазғы Олимпиадаға қатысуы мүмкін
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«2020 жылы өтетін жазғы Олимпиада ойындарына бару-бармауым әзірге белгісіз». Бұл ойды қазақстандық ауыр атлет, әлемнің төрт дүркін чемпионы Илья Ильин журналистермен кездесу барысында мәлімдеді. Бұған дейін допинг қабылдауына байланысты спорттан екі жылға шеттетілген спортшы болашақ жоспарларымен де бөлісті.

«Мен қазір ештеңе айта алмаймын. Себебі, екі күн ғана өтті. Біріншіден, мен әлі 29 жастамын. Ірі жарысқа қатысуға барлық жағдайым бар. Шамам барда кету дұрыс болмас еді. Жарыста әлі де күш-қуатымды көрсеткім келеді. Біздің спорттық басқармамен сөйлесу керек. Әлбетте, менің ағзамның саулығын, ірі жарысқа сай келетінін толық тексеруіміз керек. Осыған дейін әрине, спорттан қол үзген жоқпын. Бірақ 1,5 жыл бойы денеге салмақ түсірмедім. Сондықтан, дәрігерлер «ағзаң сай келеді, жүрек шыдайды» десе, 95 пайызға Олимпиада бару туралы шешім қабылдаймын», - деді Ауыр атлетикадан әлемнің төрт дүркін чемпионы Илья ИЛЬИН.

Ол басына түскен қиын сәттерде президенттен бастап, қарапайым халық қолдауын білдіргендігін айтты. Сонымен қатар, Илья Ильин ағзасынан табылған «станозолол» туралы өз ойын білдірді.

«Мен не болып жатқанын өзім де түсінер емеспін. Біз әртүрлі спорттық тағамдарды қабылдаймыз. Бәлкім, мәселенің бәрі осында болар. Көп уақыт өтті. Сұрақтар өте көп. Жауабын білсем, қуана-қуана жауап берер едім. Бірақ, жауап бере алмаймын», - деді Илья ИЛЬИН.

Ауыр атлетпен кездесу барысында ол «спорттан шеттетілгеніне қарамастан, алға жылжимын», - деді. Болашақта Ильиннің балаларды тәрбиелейтін мектеп ашу жоспары да бар екен. Естеріңізде болса, халықаралық олимпиада комитеті қазақстандық ауыр атлеттің ағазасынан тыйым салынған дәрі-дәрмек табылғанын айтқан еді. Нәтижесінде ол Бейжің және Лондон олимпиадасындағы алтын медалынан айырылған болатын.

Новости партнеров