|
20.12.2017 | 15:07
1441

Кәсіби борышын атқару барысында қаза тапқан дәрігерлер «Құрмет» орденімен марапатталды

Кәсіби борышын атқару барысында қаза тапқан дәрігерлер «Құрмет» орденімен марапатталды

Астанада кәсіби борышын атқару барасында қаза тапқан Жәнібек Артықбаев пен Талғат Патсаев «Құрмет» орденімен марапатталды. Қос дәрігердің ерен еңбегі үшін сый-сияпатты мамандардың жақындарына Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов табыстады. Министр өз сөзінде дәрігер - реанитомолог Жәнібек Артықтаев пен акушер-гинеколог Талғат Патсаевтың әуе апатынан қаза табуы, қазақ медицинасы үшін орын толмас қайғы, деді. Жиынға қатысқан әріптестері мен туыстары қос азаматтың да жұмысына деген ынта-назарларын ерекше атап өтіп, сөз соңында бір минуттық үнсіздікпен еске алды.

«Марапат үшін рақмет! Бұл әкемнің бүкіл ғұмыры бойы жасаған еңбегінің бағасы. Ол өз жұмысына ұқыпты және соңына дейін берілетін еді. Сол қиын кездерде 90-шы жылдары басқалар тұрмыс жағдайына қатысты өз мамандықтарын өзгертіп жатқанда, әкем медицина саласын, дәрігер болуды тастамады. Ол өмірінің  соңына дейін бұл қызметке жанын берді деуге болады», - деді Жәнібек Артықбаевтың баласы Асылбек АРТЫҚБАЕВ.

«Бүгінгі марапат Қазақстанда еңбек ететін дәрігерлердің марапаты. Олардың еңбегі, батылдығы, қайсарлығы таң қалдырады. Олардың ешқайсысы өздерін аямайды, толықтай өз жұмыстарына берілген жандар. Тағы бір айтарым, қайғыдан кейін қолдау көрсеткен азаматтарға, ел тұрғындарына алғыс айтқым келеді. Біз сіздердің қолдауларыңызды әлі күнге дейін сезіп келеміз», - деді  Талғат Патсаевтың жұбайы Нұржамал ЖӘРДЕМӘЛИЕВА.

Естеріңізде болса, 3 қазанда «Ист Уинг» әуекомпаниясының АН-28 ұшағы ұшып шыққаннан кейін 12 минут өткенде радардан жоғалып кеткен еді. Кейін ұшақ Алматы түбінде өртеніп жатқан жерінен табылған. Бортта екі дәрігерден бөлек, тағы үш адам қаза тапқан еді.


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
Прямой эфир