Құзырлылар кеше ғана элиталық пәтерлерді жалға беретін 11 пысықайды анықтады. Салық төлеуден жалтарып жүргендерге бір апта уақыт берілген. Жауаптылар ондай адамдарды ғаламтор, көші-қон және жергілікті полиция қызметтері мен пәтер иелері кооперативтерінің көмегімен анықтайды. Біздің бірқатар сұрағымызға Алматы қаласы Медеу ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Түменбаев жауап берген еді.
- Қуаныш Әшірбайұлы, кеш жарық! Алғашқы сауал, алматылықтар көбіне қай салық түріне көбірек берешегі бар? Осы жөнінде толығырақ айтып өтсеңіз?
- Бүгінгі күні Алматы қаласы бойынша 163 мың жеке тұлға бюджетке 5 миллиард 700 миллион теңге берешек. Бұл берешек соманың негізгі бөлігі көлік құралдарына салынып отырған салықтарға тиесілі. Бұл салықтың түрі бойынша 135 мың жеке тұлға бюджетке 5 миллиард 500 миллион теңге қарыз. Сонымен қатар бүгінгі күні Алматы қаласы бойынша 28 мың жеке тұлға 200 миллион теңге көлемінде мемлекетке мүлік салығы бойынша, жер салығы бойынша берешек.
- Элиталық пәтерлерді жалға беретін бірнеше адам анықталып, оларға бір апта уақыт берілген екен. Салықтарын төлемеген жағдайда оларға қандай шара қолданылады?
- Жеке пәтерлерін, үйлерін жалға беріп, салықтық есепке тұрмай, салық төлемей жүрген азаматтар бар. Бұл азаматтар бойыша біз әрдайым жұмыс жасап жатырмыз. Кеше ғана бір ғана тұрғын үй кешенінен 11 салық төлеуші анықталды. Бұл пәтерлер элиталы пәтерлерге жатады. Айлық пәтер ақы құны 250 мың теңгеден 1,5 миллион теңгеге дейін жетеді. Бұл пәтердің бөлмелеріне сәйкес. Мысалы 1 бөлмелі пәтер 250 мың теңге болса, ал бес бөлмелі пәтер сәйкесінше 1,5 миллион теңгені құрайды. Осы азаматтарға біз бір апта мерзім бердік. Егер де осы бір апта көлемінде салық есебіне тұрып, салықтарын төлемесе, біз сәйкесінше шаралар қолданатын боламыз. Яғни салықтық тексерулер тағайындалады. Бюджетке төленбеген сомалар айыппұлдармен бірге өндірілетін болады.
Қуаныш Әшірбайұлы, ақпаратыңызға рақмет!