Қысқы спорт түріне арналған құрылымдар биыл да келушілерін күтеді. Медеу, Шымбұлақ, «Сұңқар» халықаралық трамплиндер кешенінде қар болмаса да, әрбір алматылық пен қала қонақтары жанына жақын нәрсені таба алады - дейді жауаптылар.
Шыңғыс Байқашев қолы босай қалса, «Сұңқар» халықаралық трамплиндер кешеніне қарай асығады. Тауға жүгіруімен айналысатын ол бұл жерді өте ыңғайлы - дейді. Қалаға жақын, әрі керемет табиғатты тамашалауға болады.
«Тау жүгірісі үшін, скайрайннинг үшін «Сұңқар» халықаралық трамплиндер кешені өте ыңғайлы екенін айта кету керек. Біріншіден, қала аумағында орналасқан, яғни спортпен шұғылданамын деушілер қиналмай жетуіне мүмкіндік бар. Екіншіден, тау қыраттары жүрісті қиындата түседі. Ол дұрыс. Оның үстіне осында келіп жаттығу спортшылардың қабілеттерін шыңдауға көмегін тигізеді», - деді спортшы Шыңғыс БАЙҚАШЕВ.
Бұл спорт құрылымынан жазғы уақытта да адам қарасы үзілмейді. Балалар түрлі спорттық үйірмелерге тегін қатысады, концерттік шаралар ұйымдастырылады. Келешекте арқан қалашығы, экстремалды құлдилау секілді жобаларда жүзеге асырылмақ.
«Қазір біздің кешен өз өмірінің жаңа парақтарын ашып жатыр. Трамплиндер кешенін спорт нысаны ретінде ғана емес, көп функционалды алаң ретінде де қарастырғымыз келеді. Бұл мақсатта жұмыстар да басталып кетті. 7 мамыр күні елімізде алғаш рет «Халық барысы» сайысы ұйымдастырылды. Бұл біз үшін үлкен мақтаныш. Себебі алғашқы өткізілген шара осы кешенде ұйымдастырылды. Ал өткен аптада вело-мотожүріс өтті. Оған өзге мемлекеттерден қатысқан спортшылар да бар», - деді «Сұңқар» халықаралық трамплиндер кешенінің маркетинг бойынша директоры Нағима МИРЗАКИРОВА.
Қосымша ақпарат ретінде айта кету керек, келер жылдан бастап трамплиндер кешені жанынан жаттығу орталығы, спорт зал мен жабық бассейн пайдалануға берілуі мүмкін. Бұл мақсатта қалталылар 4 миллиард теңге қаражатын бөлген екен.
Ал Балуан Шолақ атындағы спорт кешенінің мұз айдыны қысы-жазы жұмыс істейді. Хоккей клубтары жаттығуларын белгіленген кесте бойынша жүргізеді. Кешен әкімшілігінің айтуынша, бұқаралық сырғанау бұл мезгілде сұранысқа ие емес. Өйткені демалыс уақытына сәйкес келгендіктен, көбі тауға шығып, табиғатта уақыттарын өткізгенді дұрыс санайды.
«Бізде негізі мұз айдыны қысы-жазы қолданысқа беріледі. Бұл мұз айдынында «Айсұлу» командасы күнделікті жаттығады. Сол сияқты коммерциялық жүйеде. «Стрижи» балалар ұйымдары күнделікті деуге болады. Аптасына график бойынша жұмыс істейді. Сондықтан қысы-жазы қолданысқа беріледі», - деді Балуан Шолақ атындағы спорт кешені директорының орынбасары Серік БАЙМҰХАМЕТҰЛЫ.
Алматының атын шығарған «Медеу» мұз айдынында келушілерді түрлі фестивальдер күтіп тұр. Жаппай ролик тебумен қатар, жазғы спорт түрлерінен сайыстар ұйымдастыру жоспарлануда. Ал мұздатқыш құрылғылары келесі маусымға дейін өз жұмысын тоқтатқан. Бірақ мұз айдынының қызметкерлері оларға қызмет көрсетуді жалғастырып, күзге дайындап жатыр.
«Осы жазға көптеген шаралар ұйымдастырылған. Оның алғашқысы 26 мамыр күні өтетін «МоторФест» көліктер фестивалі. 400-ге жуық көлік осы мұз айдында көптің назарына ұсынылады. Стив Аокидің электронды музыка фестивалі де келушілерін күтеді. Одан кейін болатын ауқымды шаралардың бірі - «Star of Asia» фестивалі маусымның 16-сына жоспарланып отыр. Оған дайындық жұмыстары 3 маусымнан басталуына байланысты, мұз айдыны уақытша келушілерін қабылдай алмайды. Бірақ шараның өзін тамашалауға керемет мүмкіндіктеріңіз бар», - деді «Медеу» мұз айдынының маркетинг бойынша директоры Әйгерім НИЯЗБЕКОВА.
Осы жазда «Шымбұлақ» тау-шаңғы курортында шаңғы мен сноубордты жаңа спорт түрі алмастырады. Даунхилл бағыты бойынша экстремалдардың тау шатқалдарынан велосипедпен құлдилауына мүмкіндік бар. Бұл спорт түрінде де арнайы жаттықтырушылар жұмыс істеп, спорт түрінің қыр-сырына үйретеді. Қазір қажетті велосипедтер де сатып алынған. Жауаптылар оны жалға алу бағасын әзірге жарияламады. Бұл шара шілде айынан басталады. Ал қазір әуе шарында аспанға көтеру науқанының қызып тұрған шағы.
«Бұл біз үшін тың бастама болып отыр. Өткен жылы да айналысып көрген едік, бірақ келушілер арасында онша көп сұранысқа ие болмады. Биылғы жоспар бойынша олқылықтың орны толады. Өйткені Шымбұлаққа келетін шетелдік туристер көп. Бұл өз кезегінде туризмді дамытуға өз септігін тигізбек. Қызмет түрі сенбі-жексенбі күні ұйымдастырылады. Көкке көтерілу құны 7000 теңге. Әуе шарын 15 минутқа жалға аласыз. Кәсіби инструктор оны әуеге көтереді. Сол сәтте фотоға, бейнетаспаға керемет тауларды түсіре аласыз. Парапландармен көкте серуендеу қызметі шетелде, әсіресе, Мысыр мен Түркияда танымал», - деді «Шымбұлақ» ТШК adventure office жетекшісі Юрий КОХОВИЧ.
Азиада мен Универсиада мұраларын тек қысқы уақытта ғана емес, жазғы маусымда да пайдалануға мүмкіндік бар. Бұл Алматы қаласының экономикалық-қаржылық қана емес, мәдени орталығы екенін де тағы бір дәлелдей түседі. Бұқаралық спортты дамыту үшін қала әкімдігі бірнеше жобаларды қолға алды. Атап өтсек, Орталық стадионның қосалқы алаңының құрылысы, Халық Арена жанында 5 мың орынға арналған жеңілатлетикалық манеж және гольф клубы мен теннис орталықтарының құрылысы.
Азамат Әуезхан, Мұрат Тайжан, «Алматы» телеарнасы