Менингококк инфекциясы ҰБТ ережесін өзгертуге итермелеп отыр. Биылғы Ұлттық бірыңғай тест кезінде емтихан өтетін оқу залдардың терезелері ашық болады. Бұл туралы бүгін еліміздің Бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин мәлімдеді. Айтуынша, сынақ кезеңін дәрігерлер тікелей бақылауға алады.
«Бұл өте уақытылы қолға алынып отырған мәселе.Маусымның 20 мен 30 аралығында Ұлттық бірыңғай тест 147 орында өтеді.Оған арнайы бөлме, аудитория, ауылды жерлерде бөлімшелер қарастырылған.Адам саны көп болатындықтан біз Білім министрлігімен біріге қауіпсіздік шараларын қарастырып жатырмыз»,-деді ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулықты сақтау комитетінің төрағасы Жандарбек БЕКШИН.
Жандарбек Бекшин соңғы тәулікте аталмыш дертті жұқтырған адамдар тіркелген жоқ,- дейді. Арнайы call-орталықтары үздіксіз қызмет етуде. Кешелі бері келіп түскен қоңырау көлемі 3 мыңға жеткен. Бас санитарлық дәрігер, бұдан бөлек Астанадағы ауруханаға түскен екі адамның жағдайына қатысты пікір білдірді.Оның сөзінше, науқастар менингитке шалдықпаған. Дегенмен нақты диагноз талдама жұмыстарынан кейін анықталмақ. Еске салайық, ел бойынша жыл басынан бері 58 адамнан инфекциялық менингококк инфекциясы анықталды. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар саны жиырма бір. 13 адам дерттен айыға алмады. Инфекцияны жұқтырған адамдармен байланысқа түскен 4 мың 136 адам түбегейлі ем қабылдаған.