Алматыда 18 жастағы Назерке Әріпті зорлап өлтірген күдікті өзіне тағылған айыптармен келіспей отыр. Атышулы іске байланысты сот басталды. Бұрын 8 жылдай түрмеде отырып шыққан такси жүргізушісі Назеркені өлтіргенін растауда. Алайда, бойжеткенді зорлағанын және жеке заттарын қолды қылғанын мойындамай отыр. Десе де, марқұмның туыстары сотталушының жалған сөйлеп отырғанына күмән келтірмейді.
Осы жазда із-түссіз жоғалып, 2 айдан соң мәйіті Кеңсай зиратынан табылған Назерке Әріптің оқиғасы естіген елдің жағасын ұстатқан еді. Жантүршігерлік қылмысқа байланысты соттың талқылауы басталды. Алайда, зорлау дерегі болғандықтан сот процесі түгелдей жабық режимде өтетін болды. Сондықтан жиналғандардың көпшілігі ішке кіре алмады. Десе де, Назеркенің анасы оқиғаның жай-жапсарын баяндап берді. Айыпталушы, 33 жастағы Құрбан Исхаков өз кінәсін толық мойындамай отыр екен. Ол қызды өлтіргенін растағанмен, зорламағанын айтқан.
«Ол тек өлтірдім дейді, менің басқа нәрсе есімде жоқ дейді. Не үшін өлтіргенімді мен білмеймін деп өзін қорғап тұр. Қорғаушы жалдаған, ол да соның сөзін сөйлеп тұр. Анасы қазір қорғаушы боламын деп, сөз сөйлегісі келіп жүгіріп жүр екен. Анасы басында айтып еді, оның сөзі дәлел ғой. Ол «менің балам кішкентайынан сондай зорлауға жақын тұғын. Сондай әдеттері бар» деген. Соның өзі дәлел деп ойлаймын», - деді Н. Әріптің анасы Сәуле САРБАЕВА.
Жәбірленуші қызының мәйіті тек 2 ай өткен соң табылғандықтан, сараптама жасата алмағандығын алға тартты. Бойжеткеннің денесінде жалғыз көйлегі ғана қалыпты. Соның өзі қыздың азаппен өлгенін айғақтайды, дейді марқұмның туыстары. Есте болса, Назерке Әріп 10 шілде күні Тұздыбастау ауылынан Алматыға қарай таксиге отырады. Алайда, діттеген жеріне жете алмай ұшты-күйлі жоғалады. 2 ай өткен соң, бойжеткеннің мәйіті Кеңсай жанындағы зираттан табылып, көп ұзамай күдікті қолға түскен еді. Қазір қызды өлтірген қаскөй 3 бап бойынша сотталуда.
«Күдіктіге бірден 3 бап бойынша айып тағылып отыр. Қыздың ұялы телефоны мен ақшасын алғаны үшін 188 баптың 1 тармағы «ұрлық дерегі» бойынша іс қозғалды. Бұл бап бойынша 3 жылға бас бостандығынан айырылады. Сондай-ақ 120 баптың 2 тармағы «зорлау дерегімен» айып тағылды. Бұл баппен 15-20 жылға дейін сотталады. Әрі 99 бап яғни, «адам өлтіру» дерегі бойынша жауапқа тартылуда. Бұл бап бойынша тағайындалған жаза 15-20 жыл немесе өмір бақи бас бостандығынан айыру», - деді мемлекеттік айыптаушы Дәурен ХАЛЫҚОВ.
Бірден 3 баппен айып тағылған Исхаковқа сот енді қанша мөлшерде жаза тағайындайтыны әзірге белгісіз. Бірақ оған түрменің дәмі таңсық емес. Өрімдей қызды өлтірген ол бұған дейін 8 жылдай түрмеде отырып шыққан болатын.
«2008 жылы тонау жасап, 1 жыл шартты түрде жаза алған. Ал 2009 жылы адам өлтіргені үшін 11 жылға түрмеге тоғытылған болатын. Бірақ жазасын толық өтемей, жақсы тәртібі үшін 3 жыл мерзімінен бұрын босап шыққан», - деді мемлекеттік айыптаушы Дәурен ХАЛЫҚОВ.
Тәртіп сақшылары Назерке Әріп жоғалған бойда бірден осы Исхаковтан күдіктенген екен. Алайда, ол жұмыстас досы Асқар Махадиевке бойжеткен жоғалған күні «екеуіміз бірге болып, қаланың сыртына шықпадық» деп жауап беруін тапсырыпты. Осылайша, жалған жауап берген досы полицейлердің қылмысты тез ашуына кедергі келтірген. Кейін Махадиев өз жауабын өзгертіп, куәгер болып шыға келген.
Айта кетсек, сотталушының 2 бірдей баласы бар екен. Үлкені 4-ке енді толса, кенжесі жуықта туылған. Марқұмның туыстары сот осыны есепке алып, қылмыскердің жазасын жеңілдете ме деп қауіптенуде. Сондықтан олар Назеркені айуандықпен өлтірген адам өмір бақи бас бостандығынан айырылса, дейді.
Айдана Мейрамбайқызы, Рашидин Якупов, «Алматы» телеарнасы