Ұшақ бортсерігінен қазақ тілінде қызмет көрсетуді талап еткен Түркия азаматы Оғыз Доғанның тарапы «Эйр Астана» компаниясын қайта сотқа беруге дайындалып жатыр. Бұған дейін екі рет кейінге қалдырылған істі Түрксіб аудандық соты «қараусыз қалдыруға» шешім шығарды. Құзырлы органның мұндай ұйғарым қабылдауына арызданушы тараптың ұлттық компанияға қатысты талап-арызды жолдауда заңға сүйенбегені себеп болыпты.
Бұл тамыздың 14 күні Эйр Астана ұшағы бортында болған оқиға. Астана-Алматы бағытында ұшқан рейсте Оғыз Доған есімді түрік азаматы бортсеріктен қазақ тілінде жауап беруді талап етіп, қауіпсіздік шараларын орындаудан бас тартады. Кейіннен шетелдік азаматқа бұл қылығы үшін айыппұл да салынады. Бұл жағдай әлеуметтік желіде қыза талқыға түсіп, жанжал сотқа дейін барған. Оғыз Доғанды жақтаушылар көбейіп, оның мүддесін қорғауға отандық заңгерлер кірісті. Доғанның адвокаты Абзал Құспанның сөзінше, «Эйр Астана» компаниясы еліміздегі бірнеше заңды өрескел бұзған.
«Эйр Астана» басшылығының алдына қойып отырған талаптарымыздың қатарында: қазақ тілін қорлағаны үшін, қазақ халқы алдында кешірім сұрау. Ол енді Оғыз Доған мен бір топ тіл белсенділерінің талабы. 14 тамыз 2017 жылы қызмет көрсеткен бортсеріктер егер мемлекеттік тілді меңгермегені анықталған жағдайда қызметтерінен босатуды, мына профильді өздерінің авиациялық заңының өзі міндеттеп отыр. Еркін меңгеруге міндеттеп отыр қазақ тілді. Одан кейін тұтынушылар құқығын қорғау туралы, Тілдер туралы заң талаптары бұзылып отыр», - деді Оғыз Доғанның адвокаты Абзал ҚҰСПАН.
Оғыз Доғанның шетелде жүруі себепті, сот ісіне қатысты мәселенің бәрін оның қорғаушысы өз міндетіне алған. Түрік азаматы бұған дейінгі сот отырыстарына келіп қатысыпты. Алайда соңғы процесте Түрксіб аудандық соты бұл істі қараусыз қалдыру туралы шешім қабылдаған.
«Талапкердің қолы қойылған хаттың көшірмесін тіркеген. Бірақ бұл хатты жауапкерге тапсырғаны туралы талапкер сотта дәлел келтіре алмады. Сол себепті дауды сотқа дейін реттеу тәртібін сақтамағаны үшін және осы тәртіпті қолдану мүмкіндігі әлі бар деп, сот санап аталған талап қою арызын қараусыз қалдырды», - деді Алматы қалалық соты баспасөз қызметі басшысының міндетін атқарушы Бауыржан АХМЕТОВ.
Құзырлы орынның мұндай ұйғарым шығаруына Оғыз Доған тарапының компанияға ресми түрде арыз түсірмегендігі себеп болыпты. Бірақ адвокат Абзал Құспан Оғыз Доған сотқа дейін өз талап, шағымын жолдағанын айтады. Тіпті оның электронды поштасына компаниядан жауап хат та келген көрінеді. Алайда бұл хат ресми түрде тіркелмей қалған, дейді қорғаушы. Ал «Эйр Астана» компаниясының адвокаты Гаухар Сәлімбаеваның сөзінше, арызданушы тарап хатты ресми түрде жіберуі керек.
«Бізге ешқандай хат ресми түрде жолдаған жоқ. Бүкіл «Эйр Астан»а компаниясының кеңсесін қарастырдық. Не электронды поштамен не жай поштамен не кеңсе арқылы олар ресми түрде ештеңке жіберген жоқ. Ол Доғанның айтып жатқаны біз бұқаралық ақпаратқа жаздық, мынадай сайтқа жаздық деген ол дәлел бола алмайды. Бізге заң бойынша ресми түрде олар хат жолдауы керек. Сол хатты біз қарастырып, оған жауап беруіміз керек», - деді «Air Astana» ҰӘК АҚ адвокаты Гаухар СӘЛІМБАЕВА.
Енді шетелдік азамат Эйр Астананың үстіне осы іс бойынша қайта арызданбақ. Олар арыз-талапқа 10 күннің ішінде жауап алуды көздеп отыр. Ал моральдық шығын ретінде 1 теңге талап еткен. Мұны олар символикалық сома деп түсіндірді. Себебі тіл құндылығы ақшамен өлшенбейді дейді.
Назкен Байтілес, Ескендір Тоғыспаев, «Алматы» телеарнасы