Алматыға ШҚО асыл тұқымды ірі қараның сүбе етін тасымалдамақ

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде ет өндірісі бойынша жетекші орын алатын Шығыс өңір Алматыға асыл тұқымды ірі қараның сүбе етін тасымалдамақ. Рестораторлар тілінде оны "мәрмәр ет" деп те атайды. Шығыс Қазақтан облысы әкімдігі өнімді жеткізу мақсатында дистрибьютерлік орталық салуға дайын. Ұсыныс білдірген тарап алматылық кәсіпкерлермен арнайы кездесті. 

Шығыс Қазақстан облысында мал жемдейтін 100-ге жуық алаң жұмыс істейді. Онда 28 мың бас ірі қара мал өсірілуде. Басым бөлігі асыл тұқымды АҚШ, Франция Аустралия және Канададан әкелінген. Өңір шаруалары жергілікті жұртты ет өнімімен толық қамтып отыр. Енді өзге өңірлермен байланысты бекітуді мақсат тұтуда. Облыс әкімдігі Алматыға мәрмәр етін тікелей тасымалдап отыруды қолға алмақ. Осы мақсатта дистрибьютерлік орталықты салуға ниетті.

«Еттің сапасы өте жоғары. Бұл шетелден әкелінген «Ангус», «Шароле», «Герефорд» асыл тұқымды малдар өте сапалы ет береді. Еттің бағасы біздің облысымызда 1300 теңгені құрайды. Сондықтан, ірі қараларды сол жақтан сойып, осы жаққа әкеліп сатуға біздің шаруа қожалықтарға, кәсіпкерлерге жағдай жасау үшін іс-сапармен келіп отырмыз», - деді ШҚО ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы  Асқар ЖАҚЫПБАЕВ.

Еттен бөлек, сүт өнімдерін жеткізуді жетілдірмек. Бүгінде Шығыс Қазақстан облысынан бұл азық-түлік түрін тасымалдау 2,5 есе ұлғайыпты. Өткен жылы алып шаһарға 416 тонна сүт өнімі жеткізілсе, осы жылы оның көлемі мың тоннаға жеткен.

«Өткен жылдан бері аймақаралық кооперацияны нығайту тұрғысында ауқымды жұмыс жасалуда. Қазіргі таңда 6 облыстан арнайы өкілдер келді. Нәтиже жаман емес. Алматыға деген өзге өңірлердің қызығушылығы жоғары. Нарықтың басым бөлігін Оңтүстік астана қамтиды», - деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Алмас МӘДИЕВ.

Бүгінгі күні Алматыға ет өнімдері көбіне Алматы облысы, Оңтүстік Қазақстан облысы және Жамбыл облысынан тасымалданады. Алматылықтар аптасына 120 тонна сиыр етін, 50 тонна жылқы етін, 25 тонна қой етін тұтынады екен.

Перизат Көмекбайқызы, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров