|
06.09.2018 | 15:20
4190

Қостанай облысында қазақ батырына арналған алып ескерткіш сүрілді

Қостанай облысында қазақ батырына арналған алып ескерткіш сүрілді

Қостанай облысы Қарабалық ауданында Қазақ хандығының 550 жылдығына орай қойылған қазақ батырының алып ескерткіші сүрілді.

Бұл туралы Мәжілістің экс-депутаты, қоғам қайраткері Мұрат Әбенов өзінің Facebook-парақшасында жазып, ескерткішті құлатып жатқан сәт түсірілген видеомен де бөлісті, деп хабарлайды Jasqazaq.kz.

Әбенов аудан әкімдерінің мұндай шешіміне наразы. Өйткені, қойылғанына небәрі үш жыл ғана болған ескерткішке кезінде қомақты қаражат жұмсалған екен. Ол ақшаны билік емес, халық өзі жинап берген. Енді әкімдік нысанды бұзып, орнына басқа ескерткіш салмақшы көрінеді.

«Қостанай облысында Қарабалық ауданында 2015 жылы ғана Қазақ хандығынын 550 жылдығына арнап жергілікті белсенді азаматтар қаржы жинап құрған ескерткішті бұзуға шешім қабылдаған. Орнына басқасын салмақшы. Сонда ескерткіш 3-ақ жылда ескіріп кетті ме? Салғылары келсе, жер жетпей ме? Бұндай ескерткіш Қарабалықта бұрын болмаған, халық ерекше қуанып қарсы алған еді. Ал жұмсаған қаржыны қайтеміз? Тиімділік қайда?», — деп наразылығын білдірген Мұрат Әбенов мұны жаман ырымға теңеді.

Айтуынша, үстіне арқан тастап, халықтың көзінше, ел қорғаған батырларымыздың ескерткішін жерге жығу жақсылықтың нышаны емес. Егер әкімдік басқа ескерткіш тұрғызғысы келсе, Қарабалық ауданында оны орнататын жер жеткілікті еді дейді экс-депутат.

«Батырларға ниет қылып, аруақтарына тағзым етіп жасалған дүниені олай «мойнына» арқан байлап, трактормен жұрттын көзінше жерге құлату ойға сыймайтын қастандық», — деп жазды ол.

Осы ретте айта кету керек, қылышынан қан тамған «қызыл режимнің» көсемі Владимир Лениннің ескерткіштері Қазақстанның бірнеше қаласында әлі тұр. Қоғам белсенділері оларды сүру туралы бірнеше рет мәселе көтергенімен билік «Ленинмен қоштасуға» құлықсыздық танытып отыр.


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир