|
24.01.2018 | 10:20
1595

Пхенчханда Қазақстан атынан 50-ге жуық спортшы өнер көрсетпек​

Пхенчханда Қазақстан атынан 50-ге жуық спортшы өнер көрсетпек​

Қазақстандық спортшылар қысқы Олимпиада ойындарына тас-түйін дайын. Сақа саңлақтарымыз соңғы жаттығуларын аяқтап, Оңтүстік Корея еліне аттануға әзір отыр. Байрақты бәсекеде 50-ге жуық отандасымыз өнер көрсетпек. Олар 9 спорт түрінен сынға түседі. Қазақ атын жер-жаһанға тағы бір әйгілеу үшін пхенчханға жол тартатын спортшылармен тілшіміз тілдесіп қайтты.

Еліміз еңсесін тіктеп, егемендік алғалы бері қазақ спортшылары қысқы Олимпиада ойындарының барлығына тұрақты түрде қатысып келеді. Бірақ сәтті өнер көрсету - көбіне бұйырмайтын бақ іспетті. Ширек ғасырда тек 4 алтын ғана алған екенбіз. Сондықтан биылғы сайыс - сақа спортшылардың нақ сыналар кезі. Соңғы жаттығуларын пысықтап жатқан олар, топ жаруға тас-түйін дайын екен.   

«Біздің спортшыларымыз ақырғы халықаралық жарыстарда жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Оның ішінде айтатын болсақ, Дмитрий Рейхард, Юлия Галышева  фристайл-могулдан, Алексей Полторанин шаңғы спортынан, шорт-тректе де жақсы нәтижелеріміз бар. Денис Тен де тәжірибиелі спортшы. Сондықтан біз ойлаймыз нәтиже жаман болмауы керек», - деді ҚР мәдениет және спорт министрлігі комитетінің төрағасы Елсияр ҚАНАҒАТОВ.       

Ұлттық Олимпиадалық комитет «сайысқа түсетін саңлақтардың қазіргі қарымы жақсы», - дейді. Бастысы – бабы барлардың бағы жанса игі. Байрақты бәсеке басталмас бұрын, спортшылардың барлығы допингке қарсы тексеруден өткен. Сынамалар Германияға жөнелтіліпті. Әзірге, ағзасынан зиянды заттар табылған спотршылар жоқ.

«Біз допингке қарсы үлкен жұмыс атқардық. Жарысқа қатысатын спортышлардың түгелі арнайы тексерістен өтті. Сынамалардың барлығын   Дрезден және Кёльн қалаларына жібердік. Ондағы мамандар әзірге зиянды заттардың табылғаны жөнінде ақпарат берген жоқ. Бұл - спортшылардың басы дауға қалмауы үшін жасалған жүйелі жұмыстардың бірі», - деді ҚР Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Тимур ҚҰЛЫБАЕВ.

Пхенчханда Қазақстан атынан әзірге 49 спортшы өнер көрсетеді. Олар 9 спорт түрінен сынға түспек. Жарыс ұйымдастырушылары қосымша жолдама берсе, онда Оңтүстік Корей еліне баратын отандастырымыздың қатары көбейеді. Басты үміт - конькишілерде, мәнерлеп сырғанау шеберлері мен фристайл-акробаттарда. Алтыннан алқа тағынудан биатлоншылар мен шыңғышылар да тартынбақ емес.

«Екі күннен кейін Красноярск қаласына барамыз. Ол жақта оқу-жаттығу жиындары болады. Олимпиаданың алдындағы ең соңғы деп айтсақ болады. Өзіміздің секіріп жүрген элементтерімізді тазалап, олимпиадаға алып барамыз», - деді Фристайл-акробатика шебері Жанбота АЛДАБЕРГЕНОВА.

«Қазақстанда кейінгі жылдары қысқы спорт түрлеріне жіті мән беріліп отыр. Спортшылар үшін қажетті жағдайдың барлығы жасалған. Осының арқасында жақсы нәтиже көрсетіп жүрміз. Бастысы - Олимпиада кезінде ауа райы қолайсыздық тудырмаса болды», - деді Биатлоншы Галина ВИШНЕВСКАЯ.

Пхенчхандағы қысқы Олимпиада ойындары ақпанның 9-ы мен 25-і аралығында өтеді. Жарыстың ашылу салтанатында ел байрағын шорт-трекші Абзал Әжғали ұстап шықпақ. Дүбірлі додада бас-аяғы 98 медаль сарапқа салынады.

 Дастан Сейілханұлы, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир