Алматы №115 және №131 бағытындағы автобустар саны көбейеді

Алматы №115 және №131 бағытындағы автобустар саны көбейеді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда №115-пен 131-ші бағытқа қызмет көрсететін компания өзгерді. Енді аталған автобустар саны көбейіп, интервал жиілейді. Сонымен қатар, ондағы темір тұлпарлар да толығымен жаңарыпты. Осының арқасында 26 адам жұмыспен қамтылған.

Аркенжан Лұқманов қоғамдық көлік тізгіндеп жүргеніне 12 жыл болған. Осы уақыт аралығында түрлі автобус тақымдаған. Бірақ мынадай көлікті бірінші рет жүргізейін деп отыр. Айтуынша, 115-ші бағытқа қызмет көрсететін компанияның ауысқаны жүргізушілерге жақсы болған.  

Қос бағыттағы көліктер «еуро-5» талабына толықтай сай келеді. Мұнда бейнебақылау камералары мен кембағал жандарға арналған орындар қарастырылған. Сонымен қатар, қоғамдық көліктер «Оңай» жүйесімен жабдықталған. Жолаушылардың шағымдары мен арыздарын қабылдайтын QR-кодта орнатылыпты. «Алматыэлектротранс» мамандарының сөзінше, жаңа автобустарға жүргізушілер таңдалып алынған. Барлығының жұмыс өтілі 10 жылдан асады.

«Бұл жүргізушілер негізі бұрыннан бері істеп келе жатқан. Басқа автопарктерде 10-15 жыл жұмыс өтілілері бар. Сол себептен соларды таңдап алдық. Жүргізушілер қызметтерін жақсы өткізеді деп ойлаймын. Бүгінгі таңда ондай ұсыныстар басқа автопарктерде жоқ деп ойлаймын», - деді «Алматыэлектротранс» ЖШС пайдалану қызметінің басшысы Нұрлан ЕЛШІБАЕВ.

№115 бағытқа қызмет көрсеткен компания транспорттық реформаға сай жұмыс істемей, жаңа автобус сатып алуға шамасы келмеген. Сондықтан бұл бағыт «Алматыэлектротранс» компаниясына өтті. Енді жолға шығатын автобустар саны еселеніп, қоғамдық көліктердің арақашықтығы жиілейтін болады.

«Бұрын жеке меншік компания қызмет көрсеткен кезде олардың шығуы линияға 60-70 пайыз құраған болса, енді 100 пайыз болады. Демек, №131-ші маршрутта екі есеге дейін тасымалды көбейтеміз. Автобустардың шығуы да 2 есеге көбейеді. Бірақ бұл жерде автобустарға жолаушыларға жағдай жасаудың мақсатында осы жаңа автобустарды кіргізіп жатырмыз», - деді  Алматы қаласы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Махсұт ИСАХОВ.

Айта кетейік, №115-ші бағыт тұрғындардың сұрауы бойынша Теректі ықшамауданына дейін қатынайды. Қаперде болса, транспорттық реформа аясында Алматыда №70, 86, 22,65,103,50 сондай-ақ №126 және112-ші бағыттағы автобустар жаңарды. Сонымен қатар, №201-ші бағыттағы қоғамдық көлік те жолаушылар тасымалдап жүр.


Өмір Әнуарбек, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы  


Новости партнеров