Алматының Ішкі істер департаменті су жаңа көліктермен толықты

Алматының Ішкі істер департаменті су жаңа көліктермен толықты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматының Ішкі істер департаменті су жаңа көліктермен толықты. Жаңа жыл қарсаңында Алматы әкімдігі полицейлерге газбен жүретін 118 қызметтік автокөлік табыстады. Темір тұлпарлар Қазақстанда құрастырылған. Алматы әкімі Бауыржан Байбек тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында тәртіп сақшыларының қызметіне бар жағдайдың жасалатынын жеткізді.

Қаламыздың тыныштығын сақтап, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген полиция қызметкерлеріне шұғыл тапсырмаларды дер кезінде орындау үшін көліктің атқаратын маңызы зор. Былтыр оларға қала қазынасынан бөлінген қаржыға 97 көлік берілген болса, биыл бірден 118 газбен жүретін су жаңа темір тұлпар тарту етілді. Оның бесеуі ПАЗ маркілі автобустар болса, алтауы шағын газель, ал, қалғаны «КІА» маркілі жеңіл көліктер. Шаһар басшысы Бауыржан Байбек тәулік бойы қоғамдық тәртіпті күзететін сақшылардың жұмысының маңыздылығын алға тартып, оларға жаңа көліктердің кілтін өз қолымен табыстады.

«Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бір сөзінде «полиция қызметкерлері азаматтардың сеніміне ие болып, олардың қызметі ең алдымен халыққа қызмет көрсетуге бағытталуы тиіс» деп атап өткен болатын. Осы тұста қала тұрғындарына қызмет көрсетуге жылдам жету үшін сіздерге қызметтік автокөліктер табысталып отыр. Темір тұлпарларыңыз кәсіби қызметтеріңізді жоғары деңгейде орындауға үлкен ықпал етеді деп сенемін. Мұның барлығы да нәтижесінде ел ризашылығы, халықтың алғысына алып келеді», - деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.

Алматылық полицейлердің материалдық-техникалық базасын жабдықтауға бөлінген қаржы былтырғымен салыстырғанда 2 есеге көп. Ал, келер жылы қауіпсіздікті қамтамасыз етуді жақсарту мақсатында Алматының Ішкі істер департаментіне қарастырылған бюджет 25 пайызға ұлғайып, 17 млрд теңгені құрайды. Соның арқасында 2017 жылы полицейлерге газбен жүретін 250 жаңа көлік сатып алынып, көлік тапшылығын болдырмайды. Сондай-ақ халық көп жүретін орындарға 1000 бейнебақылау камерасын орнату жоспарлануда. Бұл өз кезегінде тәртіп сақшыларының қауіпсіздікті қамтамасыз ету мүмкіндігін 7,5 пайызға ұлғайтады.

«Алматы қаласының әкімшілігіне Алматы қаласы ІІД-нің материалдық, техникалық базасын нығайту үшін қолдау көрсеткендеріңізге өз атымнан және жеке құрам атынан үлкен алғысымды білдіремін. Біз өз тарапымыздан қала тұрғындары мен қала қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, тыныштығын сақтауға сенім білдіреміз», -деді Алматы қаласы ІІД басшысы Серік КҮДЕБАЕВ.

Бағлан Тоқшылықтың Алматы қаласының Ішкі істер қызметінде еңбек етіп жүргеніне 10 жылдам астам уақыт өтті. Жол патрульдік полициясында қызмет ететін сақшы уақытының басым бөлігін темір тұлпарда өткізеді. Ол көшеде жол ережесін бұзғандар мен бұзақылық жасағандарды тәртіпке шақырады.

«Егер көлігіңіз нашар болса немесе бір жерінде ақау болатын болса, қатты жүре алмайтын болса, онда бір жол жүргізуші болмаса басқа біреу қашатын жағдайда біз қуып жете алмай қалуымыз мүмкін. Қазіргі көліктің айырмашылығы неде. Біріншіден, ол жаңа көлік. Екіншіден, тек бензинмен ғана емес, газбен де жүреді. Ол жалпы материалдық жағынан да тиімді болып есептеледі», - деді Алматы қаласы ӘПБ жеке мамандандырылған батальонының аға инспекторы Бағлан ТОҚШЫЛЫҚ.

Келер жылы Алматыда өтетін Дүниежүзілік қысқы Универсиада ойындары қарсаңында полицейлерге жаңа көліктің берілуі, олардың қызметтiк борышын адал атқарып, тұрғындардың тыныштығын күзетуге әрі қоғамдағы тұрақтылықты сақтауына көмектеседi. Тәртіп сақшылары қазірдің өзінде дүбірлі дода кезінде қауіпсіздікті күшейтіп, темірдей тәртіп орнатуға тас түйін дайын.  

Айдана Мейрамбайқызы, Рашидин Якупов, «Алматы» телеарнасы



Новости партнеров