Алматыда Гонконгтың саудасын дамыту жөніндегі кеңесі ашылады

Жаңалықтармен бөлісіңіз


Алматыда келер жылдан бастап Гонконгтың саудасын дамыту жөніндегі кеңесі ашылады. Оның негізінде Алматы мен Гонконг қаласы инновация мен инвестиция тарту саласындағы серіктестікті дамыта түспек. Жұмыс сапарымен Гонконгқа аттанған қала әкімі Бауыржан Байбек ірі мегаполистің мемлекеттік және іскерлік ортасымен танысып, қала басшысы Кэрри Ламмен кездесті. Екі тарап инвестиция және туризм бағытында әңгіме-дүкен құрып, қала құрылысы мен смарт-технологияларды енгізуге қатысты тәжірибе алмасу туралы сұрақтарды талқылады.

Гонконг пен Алматы қаласы берік серіктестік орнатуды мықтап қолға алды. Осы мақсатта қала басшылары Бауыржан Байбек пен Кэрри Лам тараптардың экономикалық, сауда, логистика және қызмет көрсету бағыттарын талқылады. Бауыржан Байбек шаһарда жүзеге асырылып жатқан ірі инфрақұрылымдарды атап өтіп, инвестиция тарту мен гонконгтық компаниялардың тәжірибесі қала үшін маңызды екенін алға тартты.

«Қазіргі өзгерістер заманында, глобализация заманында жаңа технология қолданбасаң қалып қаласың. Сондықтан Елбасының тапсырмасы бойынша біз Сингапурда болып, Гонконгқа келіп іс-сапарды жалғастырып жатырмыз. Ең үлкен мәселе - ол Алматы смарт-қала ретінде дамыту. Сол сіздің үлкен тәжірибеңізді алып, Қазақстанда, Алматыға енгізейік деп жатырмыз. Бүгінгі көрсеткіштер бойынша Алматы Гонкогқа өте ұқсас. Мысалы, бізде 700 км жеріміз болса, 2,2 млн халқы тұрады. Жалпы экономиканың 86 пайызы ол қызмет көрсету, логистика, транспорт, банктер», - деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.

Кездесу барысында Кэрри Лам Алматы мен Гонконгтың экономикасы ұқсас екенін айтты. Екі қаланың да ішкі нарығы қызмет көрсету, сауда сияқты түрлі бағыттар арқылы дамып келеді. Демек мұндай ортаға инвестиция құю - салынған қаржыны толығымен ақтайды деуге негіз бар.

«Алматы инвестиция көзін салуға әбден лайықты қала деп ойлаймын. Біз жаңа нарық іздеп, оны қаржыландыру үшін есігімізді айқара ашуға дайынбыз. Инвестиция салудан бөлек, екі жақтың туристік ағынын арттыруға да мүдделіміз. Біз Қазақстанмен, соның ішінде Алматы қаласымен мәдениет, білім, сауда және экономикалық салаларды дамытуға серіктес болуға әзірміз», - деді  Гонконг қаласы әкімшілігінің басшысы Кэрри ЛАМ.

Сондай-ақ Алматы делегациясы Гонконгтың ғылыми және технологиялық парк жөніндегі корпорация жұмысымен танысты. Екі жақ стартаптарды дамыту мен қолдау, қалалардың экономикалық әлеуетін арттыру, жоғары технология салаларында жұмыс орындарын ашу мәселелерін қарады.

«Гонконг тұрғындары өте тығыз орналасқан. Мұнда 7,2 миллион адам тұрады. Сондықтан қаланың 90 пайызы қоғамдық көлікті пайдаланады. Автомобиль - қымбат, оның үстіне оны қаңтаратын тұрақтың бағасы да арзан емес. Соңғы жылдары қала орталығында көлік тұрағы азайып, экологияны жақсарту шаралары жүзеге асуда», - деді Гонконг қаласын дамыту жөніндегі хатшының орынбасары Лю Чунь САН.

Жұмыс сапары нәтижесінде келер жылы Алматыда Гонконгтың саудасын дамыту жөніндегі кеңес өкілдігін ашу туралы келісім жасалды. Бұл меморандум қалалар арасындағы сауда, инновация мен инвестиция бойынша ынтымақтастықты нығайту үшін жасалуда.

Назкен Байтілес, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы



Новости партнеров