Елбасы ерен ерлігімен көзге түскендерге мемлекеттік наградаларды табыстады

Елбасы ерен ерлігімен көзге түскендерге мемлекеттік наградаларды табыстады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бүгін бас қалада ерен еңбегімен көзге түскен ер азаматтар Елбасы табыстаған ерекше марапатқа ие болды. 13 адамға арнайы орден табыс етіліп, 22 әскери қызметкерге жаңа атақ берілді. Президент балаларды өрт құрсауынан аман алып шыққан азаматтарға ерекше көңіл бөлді.

Бүгінгі жиын бұрынғылардан ерекше сән-салтанатымен аталып өтті. Президентті тағатсыздана күткен адамдардың жүзінен қуаныш пен мақтаныш байқалады. Өйткені, шақыртылған әр адамның қоғамға қосқан үлесі мол. Бұл жолғы марапат  құзырлы орган қызметкерлері мен әскерилерге табыс етілді. Елбасы өз кезегінде  әр азаматты «Баһадүр бабалардың ерен еңбегін жалғастырып келе жатқан»  нағыз ер жігіттерге теңеп, келе жатқан мерекелермен құттықтады.

«Қазақта елді қорғау - ердің ісі, ерді қолдау - елдің ісі» деген қанатты сөз бар. Сондықтан мен бүгін сіздерге жетістіктіктеріңіз үшін, халыққа үздік қызметтеріңіз үшін арнаулы атақтар мен шендерді тапсырғалы отырмын. Осымен қатар, мінсіз әскери қызметінен ерен еңбегімен ерекшеленген азаматқа еліміздің жоғары және орден медальдарын тапсырғалы отырмын», - деді Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Президент сонымен қатар,  қазақ әскері мен құзырлы орган - егемендіктің нағыз кепілі екенін атап өтті. 13 адам Елбасының қолынан тиесілі марапатқа ие болды. Мемлекет басшысы 22-ге жуық әскери қызметкерге әскери және арнаулы атақтар, сыныптық шендер және біліктілік сыныбын беру туралы Жарлыққа қол қойған болатын. Дәл бүгін ол атақтың кімге берілгені анықталды. Салтанатты шара кезінде Нұрсұлтан Назарбаев екі баланың өміріне араша түсіп, өрт құрсауынан алып шыққан Ғалымжан Әлеухановқа ерекше ықыласын білдірді.

«Бейбіт күнде басын қатерге тігіп, екі баланы өрттен құтқарған Ғалымжан Әлеуханов ерен ерлік көрсетті. Оның бұл ісі барша жұртқа үлгі. Сол себепті «Ерлігі үшін» медалімен марапатталады»,- деді Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Марапат алғандардың басым бөлігі Президентке өз алғыстарын білдірді. Ұлттық ұлан бас қолбасшысының орынбасары Мұхаметқали Сатов өз кезегінде әскери бөлімшелерде іске қосқан жаңашылдықтарымен бөлісті.

«Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру кезінде біз жастармен белсенді жұмыс жасап келеміз. Қолданысқа жаңа тәсілдер енгізіп отырмыз. Оның ішінде  - «Елбасы» дәрісі деген бөлім бар. Онда біз Сіздің өмір жолыңызды, идеяларыңызды айтып, ел мен жер туралы сөз қозғаймыз», - деді ҚР Ұлттық Ұлан Бас қолбасшысының орынбасары Мұхаметқали САТОВ.

Құтқару саласында ерекше көзге ілінгендердің бірі Виталий Калмыков болды. Оған «Ерлігі үшін» медаль табысталды. Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті нығайтуға қосқан үлесі үшін Дулат Құрмашев І дәрежелі «Айбын» орденіне ие болды. Бұдан бөлек ІІ «Айбын» дәрежелі орденін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің департамент басшысы Асхат Төлеуов алды. Әскери қызметте кәсіби біліктілік танытқан Нұрлан Залмұқановқа «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалі берілді.



Новости партнеров