|
10.04.2017 | 11:28
4285

"Алматы" арнаcы жаңартылған кескінде көрермендерге жол тартты

"Алматы" арнаcы жаңартылған кескінде көрермендерге жол тартты

Біз ақпарат айдынындағы қорқыныш пен қиындыққа қарамастан, шынайылықтың шыңырауына жету жолында басымызды бәйгеге тігуге дайынбыз. Біз қаланың, елдің және бүкіл әлемде болып жатқан жаңалықтың жаршысымыз. Біз жедел әрі жылдам оқиға орнынан тікелей эфирге шығамыз. Мұның бәрі ардақты ағайын үшін! "Алматы" телеарнасын Алматы және Астана қалалары мен барлық облыс орталықтарында жерсеріктік цифрлық хабар тарату желісінде, сондай-ақ "Отау ТВ" ұлттық хабар тарату мен еліміздің барлық кабельді оператарларынан көруге болады.

¤Алматы телеарнасы ақпарат айдынына 2000-шы жылдары аяқ басқан. Жергілікті аймақтық арна еліміздің жүрегі Алматының басты ақпарат таратушысы ретінде танылды. Мақсаты айқын, қадамы нық арнаның содан бері сүйіп көретін тұрақты көрермендері қалыптасты. Арна тілшілері халықпен байланысқа шығуға қашанда дайын. Бұқара телефон арқылы басына түскен базынасын немесе қызықты жаңалықтарымен бөлісуіне мүмкіндігі бар. Телеарна халыққа бір табан жақын болу үшін таяудан бері Almaty.tv сайтында телеарнаны онлайн көруге мүмкіндік жасап отыр. Сондай-ақ, отандық БАҚ өкілдері арасында ютуб-каналы бар. Әлеуметтік желі Фэйсбуктегі парақшада жаңалықтар қазақ және орыс тілдерінде күндіз-түні жаңартылып отырады. 

Жаңалықтар, ток-шоу, кино, мультфильмдер -  бізден әркім өзіне қызықтысын, жүрегіне жол тапқан жаңалығын табады. Енді сүйікті "Алматы" арнаcы жақында жаңартылған кескінде көрермендерге жол тартады. Бұдан былай телекомпанияның белгісі Алматы қаласының логотипі негізінде болады. Қала нышанындағы жеті түрлі түс телеарна бағдарламаларының түрлі жанрлары мен бағыттарын айқындайды. Мұндай логотип ауыстыру үрдісі шетелде жиі орын алады. Мәселен, бүкіл әлемге мәшһүр БИБИСИ. Арнаның кескіні қарапайым әрі түсінікті болғанға дейін кем дегенде 5 жылда бір рет өзгеріп отырған. Мұндай жағдайлар басқа да әлемдік брендтерде кездеседі. Оған дәлел, барлығына таныс Евроньюс. Соңғы рет өткен жылдың мамыр айында кескінін өзгерткен. 

«Алматы арнасы толығымен өзінің көрермендеріне жаңа стильмен шығуға дайын деп сенімді айта аламыз. Өздеріңіз білесіздер, өмірдің өзі өзгерістер мен жаңаруларға толы. Сондықтан да мың жылдық тарихы бар, мың бояулы Алматы шаһары жайында ақпаратты біз 10-ші сәуірден бастап біз жаңа логотиппен, жаңа стильде, жаңа графикада көрерменге жол тартпақпыз. Онымен қоса, тек техникалық логотипімен ауысып ғана қоймай, біз көрермендерге жаңа туындылар ұсынатын боламыз. Ол ақпараттық, сараптамалық, танымдық бағдарламалар болады»,- деді «Алматы» телеарнасы директорының бірінші орынбасары, Құрманбек ҚАЗАНБАСОВ.

Қаз қатар тізілген камералар бейнені көрермендерге сапалы әрі шынайы етіп көрсетуі үшін HD форматқа көшірілген. Ал Алматы телеарнасының жанынан салынып жатқан мынандай үлкен түсірілім алаңында үлкен мақсаттағы жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік бар. Жуық арада мұнда декоративті қосымшылар құрылып, бағдарламалардың жаңа нұсқалары түсірілетін болады. 

«Және де бір сұрақ туындауы мүмкін. Ол бағдарламалар қайда түсіріледі деген. Ол да бір жаңалық. Жақын арада біз жаңа түсірілім павильонын тұсауын кесеміз. Сол сапалы айшықты оқиғаларымен, тұшымды ақпараттарымен түсірілетін дүниелердің барлығы сол біздің жаңа түсірілім павильонында болады. Сондықтан, құрметті көрермендер күтіңіздер»,- деді «Алматы» телеарнасы директорының бірінші орынбасары, Құрманбек ҚАЗАНБАСОВ.

Суретшілер қарапайым дизайн арнаның көркін ашады деп шешкен. Енді Алматы телеарнасының атақты алма пішіні, көзге таныс, жүрекке жақын "қаланың" белгісіне ауысады. Сондай-ақ, арнаның жаңа келбеті Almaty tv деп өзгертіледі. Яғни алматылық телеарна екенін бірден көрермен қауымға осылай көрсетпекпіз. Графикалық әрлеуде көне шаһардың қалың бұқараға танымал, көрікті жерлері үйлесімді көрініс тапқан. Композияның дәл ортасында Алматының басты символы - алма бейнеленген. 

«Бүгінде графика бұл өнер түрінің ең ерекшесі деуге болады. Телевизия саласында да графикалық әрлеудің маңызы зор. Өйткені, ол телеарнаның келбеті. Біз әрбір детальді назардан тыс қалдырмауға тырыстық. Қаріп пен түс, логотип және қаланың брендін де үйлестіріп, ортақ осындай композиция құрастырдық. Логотипті анықтап қарасаңыз, Алматының символы алма мен қаланың елге танымал нысандарын көруге болады»,- деді «Алматы» телеарнасының бас продюсері, Рита ЖҮГІНІСОВА.

Алматы телеарнасының фирмалық стилі мәдениет пен білімділіктің, зияткерліктің белгісін сипаттайды. Графикалық әрлеу заманауи бейнені тегіс көрсететін флэд дизайн стилінде жасалған. Оны халық жақсы бағалайды деп отыр дизайнер. Ал арнаға неге дәл осы түс таңдалды? 

«Бұл түс арналардың ешбірінде жоқ. Осыдан бұрын болған логотиптің қызыл түсінің сабақтастығын жалғастырдық. Жаңа түс сырбаз әрі зияткерлерліктің белгісі саналады. Бір жағы Алматының апортының түсімен де сәйкес келеді. Біз қарапайым, көпшіліктің көңілінен шығатын дизайнды таңдадық. Арна логотипі сәнді, заманауи қабылдауға келгенде оңай болуын қаладық. Кескін электронды девайстармен әрленген»,- деді «Алматы» телеарнасының бас дизайнері, Вадим КОЛМОГОРОВ.¤

Телеарнаның сырт келбеті ғана түрленбейді, оған қоса ішкі мазмұны да өзгереді. Көрермен көзайымына айналған жобалар жаңа студияда түсіріледі. Сарапшымен тікелей байланысқа шығу әдісі бұдан былай ақпараттық-сараптамалық бағдарламалармен қоса, басқа да жобаларға да шығады. Осы маусымнан бастап "Алматы" телеарнасының көрермендері отандық және шетелдік телехикаялар, ретро және қазіргі заманның үздік киноларын да тамашалай бастайды.

Жадыра Омаржан, Рашит Ильясов, Әсет Құндақпаев, Влад Шишко, Ескендір Тоғыспаев, «Алматы» телеарнасы


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
Прямой эфир