Алматы облысының тұрғындары он күннен бері жарықсыз отыр

Алматы облысының тұрғындары он күннен бері жарықсыз отыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы облысының тұрғындары он күннен бері жарықсыз отыр. Электрэнергиясы үшін айлық төлемдерін уақытында жауып отырған жұрт 2 миллионға жуық қарыздың аяқ асты қайдан шыққанын білмей дал. Белгілі болғандай, Іле ауданына қарасты «Крылья» кооперативінде 100-ден аса үй тіркеліпті. Бір аптадан бері жарықсыз қалған тұрғындар, қақаған қыста қайда барып, кімнен жәрдем сұрарын білмей отыр.

Электр қуатынсыз қазір өмірді елестету мүмкін еместей көрінеді. Себебі жарық болмай жылуға да, ыстық асқа да жету қиын. Жарықтың жоқтығынан тұрғындар бір аптадан бері әбден торығып кеткен. Олардың айтуынша, жарық үшін төлемді дер кезінде жауып отырған екен.

«Уақытылы төледім, квитанцияның бәрі қолымызда тұр түгел. Ай сайын біреуін қалдырмай төлейміз 16 мыңнан, 15 мыңнан ең аяғысы 7-8 мыңнан төлейміз. Бұл не деген сұмдық, желтоқсанда сөндірді, бумен жылытатын құрылғы жарылып, бір жеті жаттым суық үйде, жасым 76-да», - деді Алматы облысының тұрғыны Рәш НҮСІПОВА.

Тұрғындар Іле ауданына қарасты «Крылья» бағбандық тұтынушылар кооперативінде тіркелген екен. Халықтың есебі түгел болғанымен, кооператив басшысы бұл жағдайды өзінше түсіндіруге тырысты. Бағбандық тұтынушылар серіктестігінің басшысы Мая Әбдіқалиеваның айтуынша, 20-ға жуық үй, аймақты жарықпен қамтып отырған «АлматыЭнергоСбыт» серіктестігіне дер кезінде төлем жүргізбепті. Бұл өз кезегінде, төлемді тиісті уақытында төлеген тұрғындардың жарықсыз қалуына әкеп соққан.

Серіктестік басшысының салғырттығынан жарық пен жылудан айрылған тұрғындар жергілікті әкімшіліктің де табалдырығын тоздырған көрінеді. Алайда әкімшіліктің де бұл мәселеге араласуға еш шарасы жоқ болып шықты.

«Трансформатор, кооперативке қарамаймыз. Олар территориальный бізге қарайды, ал олардың ішкі ақша жинау мәселесіне уставта жазылған, біз оған араласа алмаймыз. Оны басқарушы мен тұрғындар жалпы жиналыста шешеді», - деді Іле ауданы Қазцик ауылдық округінің әкімі Айдарбек ЖАСЫМБЕКОВ.

Мәселенің мән-жайын білу үшін біз «АлматыЭнергоСбыт» компаниясынан ақпарат сұраған едік. Қазір тұрғындарға уақытша жарық беру туралы кепіл уақыты белгіленді.

«Крылья» бағбандық тұтынушылар кооперативі бізге 1 млн 864 мың теңге қарыз. Энергосбыттың аудандық филиалына кооператив басшысы келіп, жағдайды түсіндіріп, ақшаның жетпей жатқандығын айтты. Біз қарыздың белгілі бір бөлімін төлейміз деп келісіп, 290 мың теңгесін төледі.  Қарызды жабу үшін. Енді екі айдай уақыт беріп отырмыз. Тұрғындарға жарық қосу туралы сұраным жасалды», - деді «Алматыэнергосбыт» ЖШС Андрей МУКАЖАНОВ.


Назкен Байтілес, Валерий Таубалд, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров