Алматы облысында адамдарды тақырға отырғызып кеткен алаяқ әйелге қатысты сот басталды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы облысында 7 адамды тақырға отырғызып кеткен алаяқ әйелдің әрекетіне байланысты сот өтіп жатыр. Процессте 5 адам жәбірленуші ретінде танылып, Лейла Тұрсынованың құрығына қалай түскендерін айтып берді. Олардың сөзінше, айлакер келіншек жер телімін алып беруді уәде етіп, қомақты қаржыны қалтасына басқан. Қарасай аудандық полициясының дерегінше, алаяқ келіншек жәбірленушілерге түрлі сылтау айтып, 44 рет ақша талап еткен. Оның тұрғындардан алған ақшасы тіпті 100 млн теңгеден асатын көрінеді. Десе де, күдікті өзіне тағылған айыпты жоққа шығарып отыр. Тіпті кей куәгерлерді алғаш көруім деп аң-таң болды. ¤


¤Талай жылдан бері Тұрсынованың сылтауынан шаршаған жәбірленушілер тек биыл ғана полицияға арыз түсіріпті. Әзірге тек 5 жәбірленушіден жауап алынды. Ал құзырлылар алаяқ әйелдің құрбандарының саны әлі де артуы мүмкін деп отыр. Шырмауы көп сұрақтың түбіне жету үшін келесі отырысқа істі жүргізген тергеуші мен бірнеше куәгер шақыртылады.


«Лейла бізге жер телімін ұсынып, 23 мың долларға сататынын айтты. Ол жерді барып көріп, ұнатқасын алдын ала төлемге 500 доллар бердім. Кейін ол құжат рәсімдегенге деп тағы сұрады, ақыр соңы қолхатқа сеніп, бар ақшамды қолына ұстаттым. Осыдан соң ұшты-күйлі жоғалды. 2011 жылы құзырлы органға шағымданғам, бірақ олар еш көмек бермей шағымымды кері қайтарып берді. Енді міне, биыл өздері мені тергеуге шақырды», - деді жәбірленуші Зина НАЗАРӘЛИЕВА.


«Оған бірінші 200 мың теңге бердім, кейін 100 мың бердім. Осылай алданып, 800 мың теңгемді қолды қылдым. Енді міне не жер жоқ, не ақша жоқ. Тақырға отырғызып кетті. Тиісті жазасын алып, шығынды өтеп берсе екен деймін», - деді жәбірленуші Зинаида СТОЛЯРОВА.
Новости партнеров