Таразда сотталғандар отбасымен кездесті

Таразда сотталғандар отбасымен кездесті
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қапастағы кездесу. Таразда темір торға тоғытылған сотталушыларға отбасымен кездесуге мүмкіндік берілді.

Жауапқа тартылғандардың бірі - Ербол Теміров. Қылмысы үшін  айыпты деп танылған азамат 13 жылдан бері осы қапаста күн кешуде.  Отбасымен қауышу арманға айналғалы қашан. Бірақ сағынышын басу бақыты бүгін бұйырыпты. 1 жастағы қызы да, әкесін көріп мауқын басса керек. Осылайша, балалар мерекесіне орай, түрмедегі тағдыр да тосын сыйға толды болды.

«Туған-туыстарымызды, әйел бала-шағаларымызды  көрсетуге үлкен мүмкіншілік жасап жатыр. Сол себептен үлкен рақмет айтамын. Қаншама сотталған азаматтар ұл-қыздарын көріп, дән риза. Сондықтан шексіз рақмет айтамын»,- жазасын өтеуші  Ербол ТЕМІРОВ.

Ашық есік күнінде, жақындарымен кездескен  сотталушылар арасында жарыс та ұйымдастырылды.  Өмірде шалыс басқан сәттері болғанымен, дода да дес бермеуге тырысты. Ал кісіге қару кезеп, темір торға тоғытылғандар, байқауда ойыншық қаруды ермек қылды.

«Осы жылы өткен жылмен салыстырған кезде, көп ата-ана келді. Бәрі ат салысып жатыр. Сотталушылар арасында ұйымдастырылған жарыстар өткізілуде. Биыл көп»,-деді 158/4 мекемесі басшысының орынбасары Дархан ЖАҚСЫБАЕВ.

Осылайша, ашық есік күнінде көрісіп қалуға келгендердің саны 230-дан асып жығылады. Бұл бас-аяғы 85 жанұяның жақындарын бір-бірінен жырақта жүрсе де, бір сәтке жақындастырды - деген сөз. Жазасын өтеп жатқан жолдастарына жұбайлары  үйден ас әзірлеп әкеп, сотталушылардың аналары дастархан басында айыбын өтеген ұлына ақылын айтып жатты. Ал әке деген аты бар азаматтар, баласын құшырлана бір иіскеп мауқын басқандарына балаша мәз-мейрам болды.

Әйкерім Ердәулетқызы, Тараздан. 


Новости партнеров