Тауда жоғалған 7 жасар баланы тікұшақпен іздей бастады

Тауда жоғалған 7 жасар баланы тікұшақпен іздей бастады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Тоғыз күннен бері табылмай жатқан жеті жасар жеткіншекті іздеуге енді тікұшақ көтерілді.

Кішкентай Ернұрды табудан әлі де үміт бар. Кеше түнде Қарғалы кентінен жоғарыдағы Кіші саз деген мекеннен 5 шақырым  қашықтықта жатқан қойшы ауылдың тұрғыны баланың жылаған дауысын естіпті. Баланың жоғалғанынан бейхабар отбасы таңсәріде ғана ішкі істер органдарына хабарласқан.

«Барлық амал-тәсілді пайдаланып жатырмыз. Жылаған баланың даусы шықты деген жерді, барлық аймақты тікұшақпен шолып, іздестіріп жатырмыз. Шұғыл іздестіру шарасына облыстық Ішкі істер департаментінің қырыққа жуық қызметкері жұмылдырылған. Оған қоса, төтеншеліктер мен әскери қызметкерлер және құтқарушы топ та қосылған», – деп жауап берді Алматы облысы ІІД баспасөз жетекшісі Сергей НЕЗНАЕВ.

Құтқарушылардан хабар болмағандықтан Ернұр Сәдуақастың ет-жақындары көріпкелерге де барыпты. Бақсы-балгерлердің барлығы бір ауыздан баланың дін-аман екенін айтқан. Ата-ананың бар алданышы – сол жорамал. 

«Ұзынағаштың тергеушісі тапқан баланың екі кроссовкиін Ернұрдікі деп әке-шешесі танып, нақты дәлел айтып тұр. Көріпкелдерге бардық. Олар бала тірі дейді. Бір әйел адамның қолында дейді. Ол әйел адам әкеп беруге жағдайы болмай жатыр дейді. Немесе бала қайдан келгенін айта алмай жатыр дейді», – деді Ернұр Сәдуақастың әпкесі Сапаргүл ҮМБЕТОВА.

Еске сала кетсек, 7 жасар Ернұр Сәдуақас 14-ші шілде күні кешкі сағат 7 шамасында жоғалған. Дәл сол күні ойын балалары Алматы облысы Ынтымақ ауылының маңайындағы жайлауға шыққан. Алайда, араққа сылқия тойып алған бейтаныс азамат балалардың киіз үйде түстеніп отырған жеріне қолына пышақ ұстап кіріп келіп, қорқытқан көрінеді. Қатты үрейленген жеті жастағы бала зәре-құты қашып, беті ауған жаққа қарай жүгіре жөнелген.  Алматыдан ауылға жазғы демалысын өткізуге барған балақай содан бері табылмай жатыр. 

Әйкерім Ердәулетқызы, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров