|
07.04.2017 | 17:47
3989

«Алматы» телеарнасы жаңа кескінде көрерменге жол тартады

«Алматы» телеарнасы жаңа кескінде көрерменге жол тартады

«Алматы» телеарнасы жаңа кескінде көрерменге жол тартады. 2017 жылдың 10 сәуірінен бастап арнаның логотипі және графикалық және эфирлік әрлеу өзгереді. Бұдан былай телекомпанияның белгісі «Алматы» қаласының логотипі негізінде жасалған. Қала нышанындағы жеті түрлі түс телеарна бағдарламаларының түрлі жанрлары мен бағыттарына сай қолданылады.

«Алматы» телеарнасы баламалы хабар тарату желісінде Алматы қаласында, жерсеріктік цифрлық хабар тарату желісінде Алматы және Астана қалалары мен барлық облыс орталықтарында, «Отау ТВ» ұлттық хабар тарату желісі мен еліміздің барлық кабельді операторлары арқылы таралады. Таяу уақыттан бері Almaty.tv сайты арқылы телеарнаны онлайн көру мүмкіндігі пайда болды.

Телеарнаның қазақстандық БАҚ арасында ең ірі ютуб-арнасы бар. Сондай-ақ, мемлекеттік және орыс тілдерінде телеарна контентін көпшілікке ұсынатын Фэйсбук әлеуметтік желісінде арнайы парақшасы іске қосылған.

Телеарнаның жаңа келбеті Almaty tv деп өзгертілген логотипінен байқалады. Графикалық әрлеу көне шаһардың көпшілікке танымал орындарын, көрікті жерлерін бейнелеуге негізделген. Композицияның қақ ортасында қаланың басты нышаны – алма суреттелген.

Алматы қаласының бойтұмарына айналған осынау бейнеге тән тепе-теңдік, үйлесімділік пен мәнерлі сипат телеарнаның графикалық әрлеуінен ерекше көрініс тапқан. Мұндағы мақсатымыз - телевизиялық көркемдеу әдісінің көмегімен қаланың басты белгісі – алманың суретін салу арқылы көрерменге логотиптің графикалық құрылымы мен өзара байланысын ашып көрсету.

Телеарнаның сырт келбетіндегі өзгерістермен қоса, ішкі мазмұны өзгереді. Көрермен көзайымына айналатын тележобалар жаңа студияда түсіріледі. Сарапшымен тікелей байланысқа шығу әдісі бұдан былай ақпараттық-сараптамалық бағдарламалармен қатар, арнаның өзге де жобаларынан да көрініс табады. Сондай-ақ, осы маусымнан бастап «Алматы» телеарнасының көрермендері отандық және шетелдік телехикаялар, ретро- және қазіргі заманның үздік кинотуындыларын тамашалай алады.


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир