Енді елімізде сандық технологияға негізделген бағыттарға басымдық беріледі. Елбасы биылғы халыққа жолдауында мұны баса айтты. Маңызды құжат - Қазақстанның жаһандық бәсекеге қабілеттігін арттырып, әлеуетін нығайтады. Қазіргі қаржы қыспағында қазақ елі қарқынын жоғалтқан жоқ. Ал, алтын бесік - Алматы, бәз қалыпынша құлашын кеңге жайып келеді. Қала басшысы Бауыржан Байбек, шаһар активіне Президент жолдауында айтылған негізгі бағыттарды жіпке тізіп, алда атқарылар жұмыстарды саралады.
Дағдарыстан - дамуға бет алу - елді даурықтырмайды. Керісінше, адымын аштырып, алға серпілтеді. Елбасының мұқым жұртқа жолдаған биылғы үндеуі - осыны меңзесе керек. 2050-жылға дейін Қазақстан - әлемнің дамыған 30 мемлекетінің қатарына енуі қажет. Бұл міндет - осыдан 5 жыл бұрын алға қойылған. Саты-сатысымен соған беттеп келеміз. Ендігі міндет - жаңғырудың үшінші тұғырына табан тіреу. Ол үшін негізгі 5 бағытты жүзеге асыру керек.
«Әлеуметтік-экономикалық сала толығымен Үкіметке, министрліктерге, әкімдіктерге жүктеліп, Парламентке үкімет жұмыстарын жасауға мүмкіндік берілмек. Осылайша, ел экономикасының түрлі салаларын меңгеру тәсілдері заман талабына сай оңтайландырылып, екінші жағынан еліміздің демократиялық үрдістерге беріктігі паш етілмек»,- деді Алматы қаласының әкімі, Бауыржан БАЙБЕК.
Бес бағыттың әуелгісі - сандық технологияны ілгерілетуге негізделген. Ол - экономиканы жандандырады. Жұмыстарды жеделдетеді, қағазбастылықтан арылтады. Одан бөлек, инновацияның жаңаша қарқын алуына сеп болады. Сандық технологиялардың қатарына - интернет сауда, түрлі транзакциялар мен энергоүнемді желілерді жатқызуға болар. Бұлар дамыса, елдің әлеуеті де жақсарады. Бәсекеге қабілеттіліктің өзегі де осында болса керек. «Алдымызда тұрған модернизацияда білім саласы ерекше орын алуы керек. Елбасы айтқан негізгі мақсаттардың бірі - цифрлау. Яғни, ақпараттық технологияны дамыту. Сандықты әдісті барлық салаға енгізу керек. Осы ретте, білім саласында сандық технология бірте дамып жатыр»,- деді Алматы қаласы қоғамдық кеңестің төрағасы, Рахман АЛШАНОВ.
Елбасы жолдауында айтылған тағы бір түйін - бизнес ортаны толықтай жақсартуға бағытталған. Елімізде шағын және орта бизнес дамыса, мемлекеттің қарқын қосуына арқау болады. Биылдан бастап Қазақстанда кәсіппен айналысқысы келген азаматтарға 16 млн теңгеден шағын несие берілетін болды. Қап қаражат - агроөнеркәсіп кешенін дамытуға бөлінеді. Одан өзге, мемлекет пен жеке кәсіп өкілдері арасындағы серіктестікке жіті ден қойлады. Бұл үрдіс - қазір Алматыда бір ізге түскен.
«Былтыр өңірлік жалпы өнім көлемі Алматыда 2 жарым пайыздан асты. Бұл - жоғарғы көрсеткіш. Инвестиция - 4,8 пайыздан жоғары. Осының барлығы қаржы дағдарысына қарамай атқарылған жұмыстар. Одан бөлек, мемлекет пен жекеменшік арасындағы серіктестік жақсы дамып келеді. Бизнес өкілдерінің қаражатына халыққа қажетті нысандар салынды»,- деді Алматы қаласының әкімі, Бауыржан БАЙБЕК.
Негізгі бес бағыттың енді бірі - қаржы секторын сілкінтуге негізделген. Жолдауда Ұлттық банкке көбірек құқық беріп, қаржы орталықтары арасындағы бәсекені арттыру айтылған. Сондай-ақ, адами капитал сапасын жақсартқан ләзім. Білім беру саласына жаңалық енбей, науқастарды емдеу шараларын жақсартпай, жаңғырудың үшінші тұғырына аяқ басу мүмкін емес.
«Елбасы өз жолдауында: "Біз жаңа ғасыр қарсаңында тұрмыз" - деп айтуы бекер емес. Жаһанданудың басталып кеткеніне біраз уақыт болды. Ол - асау толқын сияқты. Егер саяси, әлеуметтік және экономикалық жағынан оған төтеп бере алмасаң, ол жағаға лақтырып тастауы да мүмкін»,- деді Алматы қаласы мәслихатының депутаты, Сәрсенбай.
Соңғы бағытта - жемқорлыққа қарсы күрес жүргізу жайы толық айтылады. Жемқорлық жойылмай, адымдау болмайды. Президенттің үндеуінде, тұрғын үй мәселесін шешу, жұмыс орындарын көбейту, қызметкерлердің табысын арттыру сынды - түйіткілді мәселелер де айталды.
Дастан Сейілханұлы, Валерий Таубалдиев, "Алматы" Телеарнасы