Алматы облысында барымташылар тұрғындардың малдарын бауыздап алып кетіп жатыр

Алматы облысында барымташылар тұрғындардың малдарын бауыздап алып кетіп жатыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы облысында мал ұрлығы өршіп барады. Барымташылар тұрғындарға тыныштық бермей, қорадағы малдарын бауыздап алып кетіп жатыр екен. Күзден бері жүзге тарта ұсақ мал мен 10 шақты ірі қарасынан айырылған халық, қазір тіпті далаға шығуға да қорқып қалған. Өйткені, ұрылар өзімізді де жазым етуі мүмкін, дейді.

Жасы жетпіске таяған Рақым ақсақал жемдеулі малының жылы орнын сипап қалған Тұрарлық тұрғынның бірі. Ақпанның алтысына қараған түні қарияның қорасына ұрылар түсіп, жалғыз сиырын айдап әкетіпті. Ірі қарасынан қапыда көз жазып қалған қарт таң ата малын іздеуге кіріскен. Сөйтсе, көршісінің де қорадағы қоңырын барымташылар қолды қылыпты.

Баукеспелер ұрлаған қос сиырды алысқа апармай-ақ, тура ауылдың іргесінде жайратып тастаған. Өздері олжаланған соң малдың терісі мен ішек-қарынын керексіз етіп мұнда шашып тастап кеткен. Ең обалы, бауыздалған бір сиыр буаз болған екен.

«Бір түнде қос малды жайратып, оңай олжаға батқан ұрылар алыстан келген жоқ», дейді тұрғындар. Айтуларынша, олар арам пиғылдарын тек жалғыз адам қалған үйде жүзеге асырады екен. Сондықтан ауыл халқы күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айырылып қораларын күзетуге бекінген. Бірақ оның өзінде барымташылар амалын табады. Тіпті  қорадағы тұяқтыны тапа-тал түсте айдап әкеткен кездер болыпты. Ауыл тұрғындары былтыр күзден бері жүзге тарта ұсақ мал мен 10 шақты ірі қарасынан айырылған.

«Бір бұзаулы сиыр алғанбыз осы сегізінші айдың ішінде. Сауып отырғанбыз, соны 1 айдай болды, жексенбі күні, мен жұмысқа кетіп қызым үйден шығарып қойыпты екен. Сол күйі жоқ болып кетті, табылмады. Күндіз алып кетті», - деді Таңжарық БАЛАБЕКҰЛЫ.

Тұрғындар мал ұрлығынан бөлек, үй тонау да әдетке айналып бара жатқанын тілге тиек етті. Айтуларынша, былтырдан бері мұнда бірнеше адамның үйінен құнды дүние мен қомақты қаржы жоғалған. «Қанша арызданғансақ та, қылмыстың беті ашылмайды. Өйткені, полицейлер төбе көрсетпейді», дейді ашынған ел.

«Мұндай жағдайда келмейді ол, жайшылықта қалай келсін? 5-6 сағатта әрең келеді. Жайшылықта мүмкін емес, ол полицияның кім екенін де танымаймыз», - деді Бекмұхаммет САЙФОЛЛА.

«Біз кеше сағат 9-да шақырдық. Мен сағатыма қарап тұрдым, 2:14-те полиция келді. Полициямен біз сөйлесіп, жөнімізді айтып едік, бәрібір бұл нәрсе ашылмайды, дейді. «Неге?» десек, «факт жоқ» дейді. Содан біз мына ізі тұр, машинамен келіп, тиеп алған, ізі тұр деп айттық. Таңертеңнен бері кешке дейін тұрдық, осыны өзіміз таптық. Сонда бұл кімнің міндеті?», - деді Жәкен ТОҚАН.

»Тәртіп сақшыларынан тұщымды жауап ала алмаймыз» деген жұрт, бүгін ауылдық полиция бөлімшесіне баса-көктеп кірді. Көбісі баукеспелерден үрейленіп қалғандарын жария етті. Бірақ құзырлы орган өкілі жедел іздестіру шаралары жүріп жатқанын айтып ақталды.

«Қылмыстары ашылып жатыр. Өздері кешірім беріп, келісіммен кетіп жатыр. Малдарын алып беріп жатыр, өздері сотта кешіреді. Біз ештеңе істей алмаймыз. 7 факті болды, 7 факті ұсталып, малдардың ақшаларын қайтарып берді», - деді Алматы облысы Тұрар ауылдық округінің учаскелік полицейі Нұрлан ОМАРОВ.

Десе де, тұрғындар ұрланған малдың бірте табылып жатқанына сене қойған жоқ. Олардың ендігі ойлағаны бас амандығы. Өйткені, «ұрылар өзімізді де жазым етуі мүмкін» деген қараша, қазір тіпті далаға шығуға да қорқып қалған.

Айдана Мейрамбайқызы, Рашидин Якупов, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров