Алматыда муниципалды автобустар қатары тағы артты. Нөмірі 85-бағытта жолаушылар тасымалдайтын жеке меншік компанияға тиесілі қоғамдық көліктер коммуналдық паркке берілді. Керісінше ескінің орнын, жаңалары басты. Экологиялық таза қоғамдық көлік барлық қажетті құрылғымен жабдықталған. Жалпы 85-ші бағыт үшін 25 автобус бөлінді. Алғаш рет жолаушылар тасымалына шыққан қоғамдық көліктер толық тексерілді.
Су жаңа қоғамдық көліктің осыған дейінгі муниципалды қоғамдық көліктерден бір айырмашылығы жүргізуші орны толықтай оқшауланған. Сонымен қатар, ішкі және сыртқы бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз етілген. Мұнда 33 орындық бар. Жалпы, бір жолда 75 жолаушы тасымалдауға қабілетті. Айта кетейік, әдеттегідей оңай терминалы жұмыс істеп тұр.
Таң қылау берместен сақадай сайланған бұл көліктер бірінші рет жолаушы тасымалдады. Қыркүйек айында сатып алынған экологиялық таза автобустар 85-маршрутты ауыстырған. Бұған дейін бұл бағытта ескі қоғамдық көліктер қызмет көрсеткен еді. Бүгінде техникалық талапқа сай келмейтін автобустар ығыстырылып, 85-маршрут коммуналды автобус паркіне берілген. Ескерте кетейік, қоғамдық көліктер өзі ауысқанмен , жүру бағытында өзгеріс жоқ."Автобус бүгінгі талапқа сай, икемді етіп жасалған. Жан-жақты толық бақылауға болады. Іші және сыртында бейнебақылау орнатылған. Өте жылы. Енді ескі автобуспен салыстыруға келмейді. Өйткені, ескі автобустар жиі сынып қалады. Оған қоса экологиялық талапқа сай емес. Ал, мына көліктер көгілдір отынмен жүреді. толық автоматтандырылған",- деді Автобус жүргізушісі, Тимур ЕСІРКЕЕВ.
Қазір Алматы қаласы бойынша 850 жаңа және 470 ескі автобус жолаушылар тасымалдайды. 85- бағыттың жолаушылары да жаңа автобус қызметіне қуанышты. Өйткені, қоғамдық көлікпен жүретіндер үшін автобустың жайлы, жылы әрі таза болғаны ең маңызды.
Айта кетейік, 85- маршрут қаланың солтүстік шығысы мен оңтүстік батысын байланыстырады. 37 шақырым болатын Жұлдыз ықшам ауданы мен Мамыр ықшам ауданы аралығында 55 аялдама бар. Айта кетейік, жалпы муниципалды автобустар қаладағы жолаушылар тасымалының 61 пайызын құрайды.
Аршын Кемелжан, Рашит Шүкірәлиев, "Алматы" телеарнасы