|
07.04.2017 | 11:06
3729

"Шаңырақ-1" ықшам ауданында қоғамдық көлік тапшы

"Шаңырақ-1" ықшам ауданында қоғамдық көлік тапшы

Жолға қараудан жалықты жұрт. "Шаңырақ-1" ықшам ауданында қоғамдық көлік тапшы. Ондағы тұрғындар аумақта жалғыз ғана автобус жүреді дейді. Оның өзі араға сағаттар салып қатынайды екен. Өйткені, жолаушы тасымалдаушылар тиісті міндеттерін толық орындамай отыр. Бұл жайттан аудан басшылығы құлағдар. Сөйте тұра, қажетті шара қолдануға асықпай отыр. Назкен Байтілес көлік күткен көппен жүздесті.

"Шаңырақ-1" ықшам ауданының тұрғындары, қатынайтын қоғамдық көліктің тапшылығынан әбден торыққан бүл күні. Таң ата оқуға аттанатын оқушылар мен студенттер автобусты күтіп уақытын сарп етпейді. Себебі, өзі де айналдырған бір ғана коғамдық көліктің жолына қарай-қарай, келмейтінін ұққан. 

«Бұл жерге 103 деген автобустан басқа автобус жүрмейді. Акиматқа баратын болсақ бір кісіге 200 теңгеден таксиге отырамыз. Қайтарыңда 200-300 теңге сұрайды. Ұлжанға поликлиникаға барсаң сондай, бала шағаға қиын болды. Автобустар дұрыс жүрмейді. Кір-кір екі автобусы бар 2-3 сағат тосамыз»,- деді Тұрғын, Алтынай ЖОЛДЫБАЕВА. 

Мұндай жетіспеушілікті жергілікті таксистер де біліп алған. Барған сайын жүріс жолының теңгесін көбейтпесе, түсірмейді. Қалтасы қағылған қарапайым тұрғындар әкімдіктен қосымша тасымалдау көлігін сан мәрте сұраған екен. Ал бұл елді-мекенмен қатар орналасқан "Шаңырақ-2" ықшам ауданында бірнеше қоғамдық көлік жүйіткитін көрінеді.  

«Шаңырақ-2» ықшам ауданында 5-6 автобус. Айтайын ба? 45, 48,115, 409, 81, 133 міне алты автобус. Ал енді олар адам да біз адам емеспіз. Қалай сонда? Шаңырақ-1 бір-ақ автобус жүреді - 103. Оның өзі  4 оның екеуі сынып жатады, ескі қырық жылғы. Оптовкаға барсаң тамақ алуға, 1,5 сағат тосып, еріксізден сол жерден такси аласың, не істейсің енді? Жоқ қой енді»,- деді Тұрғын, Руфа ЖӘРДЕМОВА. 

Күндері бір автобусқа қараған халық, ең болмаса оның жүрісі жиілеп, уақытылы келсе екен деп отыр. Ал жауапты мамандардың айтуынша, 103 автобусының мердігерлері міндеттерін толық атқармай жүрген көрінеді. 

«103 деген қоғамдық көліктің «АдилекАвто» деген ЖШС тиесілі. Мердігер мекеме тасымалдаушы өз міндеттерін толығымен атқармауда. Бұл мәселенің  барлығы қазір Алматы қаласының қоғамдық көлікті оңтайландыру бағдарламасына енгізіп отыр. Бағдарлама аясында қарастырылып, шешілетін болады. «Шаңырақ-1» ықшам ауданы бойынша қосымша қала орталығына жүретін қосымша қоғамдық көлік ашу бойынша ұсыныс жібердік. Қазір бұл мәселе қалалық жолаушылар көлігі басқармасының қарастыруында»,- деді Алатау ауданы Кәсіпкерлік пен өнеркәсіпті дамыту бөлімінің басшысы, Нұржан ӘБДІӘЛИМОВ. 

Қазір Алатау ауданы бойынша 42 бағыттағы 600-ге жуық автобус қызмет көрсетеді. Ал әкімдіктегі жауаптылар,тұрғындардың шағымдары, дайындалып жатқан қалалық қоғамдық көлікті оңтайландыру бағдарламасының жоспарына енгізуге ұсыныс жібердік деп сендірді. Демек, Алатау ауданына қарайтын "Шаңырақ-1" ықшам ауданына қосымша автобустың бөліну-бөлінбеуі күзге дейін белгісіз. Жол бағдарламасына енсе енді, енбесе тұрғындардың жолға қарап жүре тұруына тура келеді. 

Назкен Байтілес, Рашид Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы



Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир