Жанармай құю бекеттері бензинді толық құймайды

Жанармай құю бекеттері бензинді толық құймайды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жанармай құю бекеттері бензинді толық құймайды. Мұндай мәліметті, Алматы қалалық техникалық реттеу және метрология департаменті беріп отыр. Дәлірек айтсақ, 10 жанар-жағармай құю бекеттерінде майдың мөлшерінен аз құйылғаны анықталған. Бұдан басқа заң бұзушылықтар сауда саласында да бар.

Былтырғы мемлекеттік бақылау қорытындысы бойынша 162 субъект тексеріліп, оның 97-сі техникалық реттеу және өлшем бірліктерін қамтамасыз етуде заң бұзушылыққа жол берген. Сондай-ақ Денсаулық сақтау саласында 10 мекеме тексерістен өтпеген өлшем құралдарын пайдаланған. Одан өзге, сертификат беретін органдардан 187 сәйкестік сертификат құжаты заңсыз берілгені туралы заң бұзушылықтар тіркеліпті. Республикалық бюджеттен бөлінген қаражат шеңберінде  жалпы сомасы 286 мың 194 теңгеге 98 өнімнің үлгісі алынып, олардың салмағы өлшенген. Нәтижесінде 34 үлгі өзінің нақты массасына сәйкес келмеген.

«Тексерілген мекемелерге тексеруден өтпеген өлшем құралдарын қолданыстан алу ұйғарылып, заңды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылып ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 415,419 баптары бойынша жалпы сомасы 16,1 млн теңгеден астам айыппұл салынды», - деді Алматы қаласы Техникалық реттеу және метрология департаментінің бас маманы Аида КЕНЖЕҒҰЛОВА.

Ал, жанармай бекеттерінде бензин тиісті мөлшерге толмайды. Көбінесе, 200 мл жетпей қалады. Тіпті, көп мөлшерде бензин алатындар 2 литрге дейін желініп қалады. Мұндай олқылықтарды көлік жүргізушілері де байқаймыз дейді анда- санда.

Бүгінде сұрыныс ең көп АИ-92 маркалы бензинінің бір литрге шаққандағы бағасы 140-145 теңгеге дейін көтеріледі деген болжам бар. Баға динамикасының бұлай құбылуы мұнай өнімдерін кедергісіз импорттауға мүмкіндік береді, яғни отын тапшылығының алдын алуға мүмкіндік туады-мыс.

«Кәсіпкерлер, жеке меншік кен қойнауын игерушілер және Қазмұнайгаз өздерінің өндірген өнімінен 30 пайыз ішкі тұтынысқа береді. Қалған 37 миллионның 30 пайызы 10-12 миллион. Бізге жетпейтіні 5-6 миллион тонна мұнай. Оны біз қайдан алып отырмыз деген заңды сұрақ туады. Оны бізге Ресей беріп отыр. Сондықтан біз Ресей экономикасына, Ресей бағасына  әрқашан да байланып тұрмыз. Өйткені біздің ішкі тұтыныстың 40-тай пайыз мұнайын Ресей беріп отыр», - деді Қазақстанның мұнайсервистік компаниялар одағы президиумының төрағасы Рашит ЖАҚСЫЛЫҚОВ.

Ал, дизель отыны бойынша әзірге жағдай тұрақты. Оның бағасы өткен жылдың қарашасынан бастап өзгермей,бір литрге 128-131 теңгені құрап тұр.


Назкен Байтілес, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров