|
11.04.2017 | 10:40
3370

Алматыда индустриалды аймақ төңірегінде қатқыл қалдық тау болып үйілген

Алматыда индустриалды аймақ төңірегінде қатқыл қалдық тау болып үйілген

Алматы маңы қобырсып жатыр. Индустриалды аймақ төңірегінде қатқыл қалдық тау болып үйілген. Сөйтсек, қысты күні қаладан қар тасығандар ақ ұлпаны әлгі орынға апарып жаппай төккен екен. Арасында қажетсіз қалдықтар да бар. Мердігер компания мұны біле тұра, төңіректі тазалауға асықпады. Тек біздің арнаның араласуымен ғана іске кірісті.

Бұл - жаңадан салынған жылу құбыры емес, қатқыл қалдықтың нақ өзі. Алатау ауданындағы мына алқап қазір осындай қажетсіз дүниелерге қақалып тұр. Мердігерлер қаладан аршылған ақ ұлпаны осы орынға төккен деседі. Қар ерігенде, қатқыл қалдық қара жердің бетіне шыққан. Бірақ жауаптылардың ешбірі олқылықтың орнын толтыруға асықпады. Мына сатпақ соның айғағы.                              

Жасыл жамылған жер еді кезінде бұл маңай. Бірақ қазір қалдық қаптаған саздауыт қатпарға айналған. Мұндағы құрылыс заттарынан, қатты қағаздар мен босаған бөтелкелерден аяқ алып жүре алмайсың. Қадам сайын таптағаның табанға жабысады.                                  

Төңіректе индустриалды аймақ бар. Одан қалды, қос бірдей елдімекен іргелес жатыр. Әрлі-берлі өткендер мұрындарын тұмшалап жүреді. Әйтпесе, қоқыстың қолаңса иісі қолқаны қабады. Жел тұрса, үйілген қалдық жан-жаққа жайыла кетеді.                                        

Барғанымызда жан баласы болмап еді. Кейін ғой, мердігерлер ентігіп жеткен. Бізді көре, жеңдерін түрді. Кетпен-күректерін алып, қобырсыған жерді тазалай бастады. Көп ұзамай, техникалары да төбе көрсетті. Әп-сәтте тұралаған жұмыс қыз-қыз қайнап кетті.                                                        

Білгеніміз - қаладан алынған қардың дені осы орынға төгілген екен. «Аван құрылыс» пен «Тазалық сити» компаниялары осы шаруаға жауапты болған. Қарды төккенімен, қоқысты қайта шығаруды ұмытқан сынды. Ал, аудан экологтары жердің кебірсігенін күттік дейді. Әйтпесе, балшыққа батып қалудан қорықты-мыс.              

«Қыстың күні шыққан қардың барлығы осы жерге төгілді. Жекеменшік те келіп, тасып жатыр бұл жерге. Енді қазіргі таңда екі омпания тазалап жатыр. Ол «Аван құрылыс» және «Тазалық сити». Жер қарайып, қар ерігеннен кейін, жақын уақыттан барлығын тазартып береміз деп уәде етеміз», - деді Алатау ауданы экологиялық инспекцияның бас маманы Абақ АНИПИН.

Бұйрат қоқыстың барын бізден естіген тазалық сақшылары мердігер компанияларға тек ауызша ескерту жасады. Олар енді төңіректің мұнтаздай болуын өзіміз қадағалаймыз дейді. Әзірге, қобырсыған жердің қатпар қалдықтан қашан толық арылары белгісіз. Тұрғындар тұралаған жұмыстың толық аяқталғанын күтпек.

Дастан Сейілханұлы, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы  


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

MAQALADA

свалка
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир