Алматылық әйел өз қызының еміне берілген қаражатты еріктілерге қайтармай жүр

Алматылық әйел өз қызының еміне берілген қаражатты еріктілерге қайтармай жүр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда науқас қызының дертін желеу етіп, еріктілерден ақша алған әйел - қап қаражатты қайырымдылық қорына қайтармай жүр. Биыл мамыр айында соттың шешімімен Ақмарал Жақсылықова айыпты деп танылып, жұрттан жиналған жылуды еріктілерге қайтарып беруі тиіс еді. Алайда, арада 2 айға жуық уақыт өтсе де, науқас қыздың анасы бұқпантайлаумен келеді. Ол - елдің  ақшасы тек қыздың еміне ғана жұмсалады дегеннен тайынбауда. Тіпті, қалалық соттың шешімімен келіспей, аппеляциялық шағым түсірген. Ал, еріктілердің қорғаушысы - науқас қыздың анасы жұрттан жиналған қаражатқа пәтер алған дейді. Оны растайтын құжаттарды да әзірлеп жатқан көрінеді. Тараптардың осы тіресі тілші материалында.

Әділдік іздеп, қазылардан араша сұраған еріктілер - елден жиналған ақшаны әне-міне аламыз деп, бөріктерін аспанға атқан еді. Жыл басында науқас қыздың анасы Ақмарал Жақсылықованы сотқа беріп, ақыры мамыр айында сол тіресте жеңген де. Судья қайырымдылық қоры жинаған 10 млн теңгені еріктілерге қайтарып берсін деген шешім шығарған. Бірақ арада 2 ай өтсе де, жұрттың жылуы қолдарына тимепті. Айыпты келіншек ақшаны беруге асығар емес.

«Азаматтық сот 2 айға созылды. Ең соңғы нүктесі 23 мамыр күні қойылды. Соттың шешімімен 10 миллион теңгені бізге қайтаруға шешім шығарылды. Себебі, 10 миллион таза біздің шотымыз арқылы жиналған болатын»,- деді «Қайырымды жандар» еріктілер тобының жетекшісі, Мәулен АЛҒАЗЫ.

Ақмарал Жақсылықова былтыр жазда 12 жастағы қызы Жанель Жайлауованың бір бүйрегі істен шыққан деп, елден қаржылай көмек сұраған еді. Жиналған ақшаға донор тауып, қызын өлімнен арашалап қалғысы келген. Ақыры сұраған ақшасын «Қайырымды жандар» қоры тауып беріпті. Тараптар келісімге отырып, қаражат отаға жұмсалуы тиіс еді. Алайда, еріктілер елдің ақшасы операцияға емес, пәтер алуға кетті дейді. Тіпті, оны айғақтайтын дәлелдері де бар екен.

«Әділет департаментінен Ақмарал Жақсылықованың пәтер алғанын анықтадым. Оны растайтын құжат бір-екі күнде қолыма тиеді. Яғни, еріктілер жәрдемге мұқтаж болған әйелге ақшаны 30-шы қарашада аударған. Ал, Жақсылықова ханым үйді 20-шы желтоқсанда сатып алған. Қызының еміне қаржы таба алмай жүрген әйел, қалайша пәтер алуға ақша табады»,- деді Еріктілердің қорғаушысы, Жанна ШАПАТОВА.

Ақмарал Жақсылықованың өзі камераға сөйлеуден бас тартты. Тек, телефон арқылы ғана бізбен тілдесуге келісті. Айтуынша, қызы әлі де ауыр жағдайда. Қазір Ақсай ауруханасында ем қабылдап жатыр. Жұрттың жылуына қажетті дәрі-дәрмекті алып жатқан көрінеді. Сондықтан, еріктілер берген ақшаны қайтарудан бас тартқан. Тіпті, қалалық соттың шешімімен келіспей, апелляциялық шағым түсірген.

«Ары қарай да жоғары сотқа дейін бара беремін мен. Ол Мәуленовтен шыққан ақша емес. Ол мен қалтамнан төледім деп отыр. Өйткені, шотта соның атынан менің атыма аударғаннан кейін соның фамилиясы тұр. Ол соның ақшасы сияқты есептеліп тұр. Сотта да айтып жатыр ол менің ақшам деп, ұялмай. Менің қызымның жағдайын бір ауыз да сұраған адам емес ол»,- деді Жанел Жайлауованың анасы, Ақмарал ЖАҚСЫЛЫҚОВА.

Тараптардың бұл тіресінде кімнің жеңері әзірге белгісіз. Сот осы іске қатысты дауды алдағы 2 айда қарастырмақ.

Перизат Көмекбайқызы, Нұржан Оразбеков, «Алматы» телеарнасы



Новости партнеров