Алматыдағы «Байсат» базарындағы шатыр опырылып кетті

Алматыдағы «Байсат» базарындағы шатыр опырылып кетті
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда қалың түскен қардың салдарынан базарлардың бірінде төтенше жағдай орын алды. Тапа тал түсте опырылып ортасына түскен шатыр адамдардың үстіне құлаған. Оқыс оқиғадан екі азамат зардап шекті.

«Байсат» базарындағы шатыр кеше түскі сағат 12 шамасында опырылып түскен. Оның көлемі 720 шаршы метрді құрайды. Оқыс жағдай бақылау бейнекамерасына түсіп қалған. Ол кадрлерде адамдар мен тауарлардың әп-сәтте қар құрсауы және үйінді астында қалғанын көруге болады. 

Құлаған шатырдан екі ер адам зардап шеккен. Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, ол екеуі де базарға келген тұтынушылар. Бірі оқиға орнында тексеріліп, ешқандай жарақат алмағаны анықталған. Ал, екіншісі №4 қалалық ауруханаға жеткізілген.

 «Қол сүйегі жарақаты байқалғаннан кейін, зерттеп, керекті зерттеулер жүргізіп, ем қолданғаннан кейін, амбулаторлық ем тағайындалып үйіне жіберілді. Ауыр жарақат алған науқастар жоқ бұл жерде. Тек екі науқас»,- деді Алматы қаласы денсаулық сақтау басқармасының бас хирургі, Нұржан ИСАБЕКОВ.

 «Байсат» базарының күзетшгілері аумақта түсірілім жасауға рұқсат берген жоқ. Сауда орнының басшылары жұмыс орнында болмады. Ал күзетшілерге ішке бірде-бір камера кірмесін деген бұйрық беріліпті. Сондықтан, құлаған шатырды тек жер үсті өткелінен ғана түсіруге мүмкіндік болды. Қазіргі таңда, павильонда қалпына келтіру жұмысы жүріп жатыр ма? Оны айту қиын. Байқағанымыз қазір базар қызметкерлері павильондардың шатырын ақ ұлпадан арылтуда.

Болған оқиғадан кейін «Байсат» базарының жұмысшылары шұғыл түрде өзге павильондардың шатырын тазалауға кірісіп кеткен. Алайда 5 қызметкердің бір күн ішінде оның барлығын тазалап бітуі екіталай. Себебі ертеңнен бастап саудагерлер үшін жаңа жұмыс аптасы басталады. 

 Перизат Көмекбайқызы, Қанат Кигізбаев, «Алматы» телеарнасы

 

Новости партнеров