Алматыда алтыншы рет марафон өтті. Спорттық әрі қайырымдылық шара Орта Азиядағы ауқымды жоба саналады. Жаппай жүгіруге еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін қатысты. Жыл сайын шарадан жиналған қаржы онкологиямен және сал ауруымен сырқат балаларды емдеуге жұмсалады.
Дәстүр бойынша марафон Тұңғыш Президент паркінде бастау алып, Орталық стадионда мәресіне жетті. Жүгіру шарасына 20 мыңдай адам қатысса, оның ішінде 13 мыңы ресми түрде тіркелгендер. Ұйымдастырушылардың айтуынша, марафондықтар көбіне 10 шақырым метрді бағындырған.
«Табиғаттың өзі бізді қолдап жатыр. Енді қаншама адам жыл сайын көбірек спортпен шұғылданатын болып жатыр. Мысалы, 2012 жылы осы марафонға 2 жарым мың қатысса, бүгін 13 мыңнан астам адам тіркеліп, ақшасын төлеп, осындай қайырымдылық іс-шараға қатысып жатыр. Сондықтан құтты болсын», - деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.
Марафон қатысушылары әртүрлі дистанциялар бойынша: 42 шақырымдық толық марафон, 21 шақырымдық жартылай жүгіру, 3 шақырымдық балалар жарысы сияқты сайыстарда сынға түсті. Сондай-ақ топтасып жүгіру үшін «Экиден» атты эстафета да енгізілген. Бұл эстафетаға биыл 79 команда қатысты.
«Алматыда мен осымен 5 рет жүгіріп жатырмын. 3 рет 42 шақырым жүгірсем, қалғаны 21 шақырым жүгіріп өттім. Биыл 75-ке толамын, сондықтан біз сияқты қарттар үшін де мұндай марафондардар ұйымдастырылса екен», - деді марафоншы Сабырбек ШЕЛЕКБАЕВ.
«Мен бұл марафонға алты жасымнан бері қатысып келемін. Әр кез 3 шақырым жүгіремін. Әрине басында жүгіру мен үшін ауыр болды, бірақ уақыт өте үйрендім. Жүгіру туралы мен достарыма да айттым, олар да қызығып марафонға қатыса бастады», - деді марафоншы Владислав ЕЛИСЕЕВ.
Алматы-марафон - салауатты өмір салтын насихаттайтын және тұрғындар арасында спорттық құндылықтарды нығайту мақсатында өтетін жарыс. Жаппай жүгіру марафонында жиналған қаржы ауыр сырқатты 1500 баланың еміне, ерекше мұқтаждықтары бар адамдарға арналған инфраструктураларға аударылады. Аталмыш шара алғаш рет 2012 жылы өткізілген болатын.
Назкен Байтілес, Алмас Әбдешев, «Алматы» телеарнасы