Алматылықтар белгілі актерді ақтық сапарға шығарып салды

Алматылықтар белгілі актерді ақтық сапарға шығарып салды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматылықтар белгілі актер Владимир Толоконниковті ақтық сапарға шығарып салды. 75 жасына қараған шағында өмірден озған өнер иесін осындағы әріптестері мен жақындары еске алды. Талантты актердің жүрегі Геленджик қаласындағы түсірілімнен Мәскеуге келген шағында тоқтап қалған. Марқұм шаһарымыздағы Лермонтов атындағы академиялық орыс театрында белді рөлдерді сомдап, елдің ыстық ықыласына бөленген еді. Кино саласындағы алар үлесі де - өз алдына бір төбе.

Бұл актердің танымалдығын арттырған алғашқы «Собачье сердце» фильмі. Сонау 1988 жылы жарық көрген кинокартина сол кездегі кеңестік киноөнерді жандандыра түскендей еді. Бұдан бөлек, актердің «Хоттабычь», «Облоко-рай» сияқты көптеген филмьдердегі рөлдері ел есінде қалды.

Владимир Алексеевич - Алматыда дүниеге келіп, осында бар ғұмырын шығармашылыққа арнады. Әсіресе, оның 40 жылдан астам өмірі Лермонтов атындағы мемлекеттік академиялық орыс театрында өткен еді. Театр саласында әртістің шоқтығы биік шығармалары өз көрермендерін тауып үлгерген. Бұл кадрларда актер Гогольдің әйгілі «Ревизор» атты шығармасын сахналауда.

«Әртіс деген - бұл еш нәрсеге қарамай еңбек ететін тұлға. Сырқаттанып қаласың ба, жоқ па оған да қарамайды. Керек болса бәріне барасың. Сол үшін де кәсіби актерсің. Көрермен сенің жеке мәселелеріңді көріп, байқамауы керек»,- деді ҚАЗССР ебек сіңірген әртісі, Владимир ТОЛОКОННИКОВ.

Толоконниковтің бақилық болғанын естіген жұрттың қабырғасы қайысты. Есеңгіреген қауым Алматыда актерді еске алып, қосштасу рәсімін өткізуге жиналды. Әртістің жақындары мен өнердегі әріптестері, достары оның өте еңбекқор адам болғанын алға тартты.

«Ағам өте керемет жан еді. Ол өзін аямай еңбек етті. Біздің жүрегімізде мәңгі қалады. Өте еңбекқор еді,  демалу дегенді білмейтін. Қашан қарасаң, түсірілімде немесе жұмыстарымен жүретін. Соңғы кездері қатты ауырып жүрсе де, жұмысын бір сәтке тастамады. Тіпті белін жарақаттап алғанда да, театрда төсекте жатып рөлін ойнады»,- деді В. Толоконниковтың жиені, Галина ЮРКОВА.

«Біз актерлердің қадірін о дүниеге аттанғанда ғана аңғарып жатамыз. Ол соңғы түсірілген туындыларда да өз рөлін мінсіз ойнап шыққанына сенімдімін. Театр әлемі осындай теңдессіз актерді жоғалтып алғаны өте өкінішті»,- деді Досы, Андрей ТКАЧЕНКО.

«Менің «Дом у соленого озера» атты фильмімдегі негізгі рөлдердің бірін Володя ойнады. Және бұл мен үшін үлкен абырой еді. Бар-жоғы 10-15 минуттың ішінде образды нық аша білуі, эмиоциясы, харизмасы, түрлі көркем позицияларды аша білуі экранды ажарландыра түсті. Түсірілім алаңындағылардың оның шеберлігіне тәнті болған еді",- деді Кинорежиссер, Игорь ВОВНЯНКО. 

Актер Владимир Толоконников кешкі уақыттарда кенеттен жүрегі ұстап, мәңгілікке жүріп кеткен. Соңғы кездері актердің тыныс алуы нашарлап, бронх жолдары қабынған көрінеді. Өнер иесінің туыстарына еліміздің мәдениет министрлігі де көңіл айтқан болатын.

«Үлкен актерлер кеткенде әрине ойланып қаласың, осы дүниенің және өнердің жалғасуын және Владимир Алекссевичтің қасындағы жастарды кәсіби және адами қасиеттерін алып кетіп, ары қарай жалғастыратын артындағы тұлғалардың қалғанына бір жағынан қуанасың, бір жағынан қатты өкінесің. Осы кісінің қайтқаны бәрімізге де батып тұр. Әрине, иманды болсын деп айтамыз»,- деді Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт вице-министрі, Ақтоты РАЙЫМҚҰЛОВА.

Актерді Мәскеудің Троекуровский зиратына жерлеу жоспарланыпты. Бүкіл ғұмыры Алматыда өтсе де әртістің отбасы оны Ресейде жерлеуді ұйғарған. Ал марқұмның артында екі ұлы қалды.

Назкен Байтілес, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров