Алматыда тас жолда тәртіп бұзған жүргізушілер жаппай жазаланды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда тас жолда тәртіп бұзған жүргізушілер жаппай жазаланып жатыр. Тәртіп сақшылары арнайы рейд ұйымдастырып, жүгенсіз кеткен тізгіншілерге айыппұл салды. Өйткені, соңғы кездері жол ережесін бұзушылардың саны артқан. Күніне 800-ге жуық жүргізуші тас жолда тайраңдап, ойына келгенін істейтін көрінеді. Біздің түсірілім тобы да жергілікті полицейлермен көшеге шығып, сақшылардың назарына түскендерді түсіріп қайтты.

Қырағы сақшылардың назарына көше бойында жүйткіп бара жатқан мына қымбат автокөлік бірден түсті. Инспекторлардың тоқтатқанына таңданған жүргізуші себебін сұрап әлек болды. Сақшылар жүгенсіз жүргізушіге мемлекеттік номерінің жоқтығын еске салды. Сонда ғана ол номердің көлік артында жатқанын айтып ақталды. Темір тұлпарын жөндеуден шығарып, алайда номерін қыстыруды ұмытқан ер азаматтың жүргізуші куәлігі де өзімен болмай шықты.

Жол сақшылары ұмытшақтыққа салынған жүргізушіге 22 мың теңгеден астам  айыппұл салып, көлігін айып тұрағына алып кетті. Кеше қала әкімі Бауыржан Байбек жергілікті полицейлерді сынап, жолдағы тәртіпке салғырт қарайтынын қадап айтқан еді. Бұл ескертпеден соң сақшылар өре түрегеліп, кешелі-бері қала көшелеріндегі тәртіпті түзетумен әлек. Бүгін де таң сәріден рейдке шығып, қоғамдық көлік жолағын иемденіп, жұрттың жолын бөгеген көлік жүргізушілерді тезге салды. Әуелі назарға автобус жолағына тоқтап тұрған мына көлік иесі ілінді.

¤Жүгенсіз жүргізуші өз кінәсін мойындамай, құжаттарын көрсетуден бас тартты. Біраз қарсыласып, әбден уақытты алған соң түсірілім тобына да, полицейлерге де қыр көрсетті. Тіпті, жоғарғы жақта көкесінің отырғанын айтып қалды. Алайда, жол ережесін сақтау баршаға ортақ міндет. Сақшылар теледидарға шығып жұлдыз болғысы келмейтін, бірақ жолда ережені сақтамаған ханымға да 22 мың теңгеден аса айыппұл арқалатты.

¤Рейд бұдан әрі жалғасты. Осы кезде тас жолда көлігінің терезесін тұмшалаған жүргізушіні көзі шалды. Өзінің қандай ереже бұзғанын әуелде түсінбеген тізгінші, кейін қателігін түсінді. Терезесінде жапсырылған қара қағазды өз еркімен алып тастады. 

«Жыл басынан мемлекеттік номерсіз жүрген 93 әкімшілік хаттама толтырылған, 2000-нан астам техсостояние дейді ғой, техсостояниесіз жүрген жүргізушілерге 2000-нан астам әкімшілік протоколдар толтырылған. 13 мыңнан астам жол белгілеріне әкімшілік протоколдар толтырылған»,- деді Жол патрульдік қызметін қамтамасыз ету бөлімінің аға инспекторы, Дәурен ДӘУЛЕТБЕКҰЛЫ.

Соңғы кездері Алматы көшелерінде жол ережесін бұзып, жүгенсіз кеткен жүргізушілердің саны артыпты. Соңғы 3 айдың өзінде 91 мыңнан астам жол ережесін бұзу дерегі тіркелген. 81 мың 400 тізгіншіге айыппұл салынған. Бүгінде қала көлемінде жүгенсіз жүргізушілерге салынған айыппұл көлемі 743 млннан асқан. Ал, 500-ден астам адам тіпті жүргізуші куәлігінен айырылған.


Айдана Мейрамбайқызы, Влад Шишко, «Алматы» телернасы



Новости партнеров