Алматыда «Ұлы дала ойындары» фестивалі өтті

Алматыда «Ұлы дала ойындары» фестивалі өтті
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Ұлы дала ойындарына» қатысушы спортшылар саны биыл рекордтық көрсеткішке жетті. Ойынды тамашалауға келген қонақтар дала төсін дабылдатқан дарабоздардың өнері мен сәйгүлік тұлпарлардың дүбіріне тәнті болды. Шашасына шаң жұқпайтын тұлпарлар бәйгесі осымен екінші рет 90 жылға жуық тарихы бар Алматы ипподромында өткізілді. Қаланың атшабары соңғы жылдары белгілі себептермен өз жұмысын тоқтатқан еді. Өткен жылы қала билігінің қолдауының арқасында қайта жанданды. Бүгінде ипподром ТМД елдері арасында алғашқы бестік қатарына енген. Сондай-ақ Орталық Азия елдері бойынша үздік болып табылады.

Биылғы «Ұлы дала ойындары» фестивалі өткен жылғыдан өзгерек. Шарада алғаш рет ат бәйгесінің 4 түрінен Қазақстан чемпионаты өтті. Оған қоса, бәйгеден келген тұлпарлар мен шабандоздарға, сондай-ақ атбегілерге спорттық дәрежедегі атақтар берілді. «Спорттық Алматы»  жобасы аясында өткен жарыстың жалпы жүлде қоры 24 миллион теңге. Шаһар басшысы Бауыржан Байбек мәдени - рухани мұрамыздың ұлықталып, ұлттық спорт түрлерінің қанат жайып келе жатқандығын тілге тиек етті.

«Мемлекет басшысы еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген күннен бастап төл құндылықтарымызды насихаттау арқылы ұлттық сананы жаңғыртуды басым бағыт ретінде айқындап берді. Соның арқасында халқымыз ұмыт бола бастаған тілімен, өзіндік мәдениетімен, салт-дәстүрімен қайта қауышты. Мемлекет тарапынан Ұлттық спорт түрлеріне, оның ішінде көкпар, аламан бәйге, аударыспақ, теңге ілу, жамбы ату, асық ату, тоғызқұмалақ, қазақ күресі сынды айшықты іс-шараларға жүйелі түрде қолдау көрсетіліп келеді», - деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.

Фестиваль осымен екінші жыл қатарынан жөндеуден өткізілген Алматы ипподромында өткізілуде. Өткен жылы шара Тәуелсіздіктің 25 жылдығы мен Алматының 1000 жылдық мерейтойына арналған еді. «Спорттық Алматы» бағдарламасының аясында былтыр 1200-ден аса іс-шара өткізілген. Соның бірі әрі бірегейі көпшіліктің көңілінен шығып, жұртшылық асыға күткен осы «Ұлы дала ойындары». Мұндай шаралар қала тұрғындары арасында бұқаралық спортты, салауатты өмір салтын насихаттауға оң әсерін тигізуде.

«Шынында да Алматы рухани астанамызға айналып отыр. Дәстүрлі музыка болсын, айтыс болсын, ұлттық спорт түрлері болсын. Қазір осы Алматыда салтанат құруы айрықша екенін көріп отырмыз. Мінекей осының бәріне мұрындық болып отырған осы ат сүйер қауымы атынан өзінің салтын қадірлеген, өзінің тегін қадірлеген айрықша алғысымды, алғысымызды ұлттық спорт өкілдері атынан Бауыржан Қыдырғалиұлына шын жүректен алғысымызды білдіргіміз келеді», - деді ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Бекболат ТІЛЕУХАН.

Екінші рет ұйымдастырылып отырған «Ұлы дала ойындары» фестиваліне биыл биыл 600 спортшы қатысып отыр. Былтыр олардың қатары бар болғаны 150-ді құраған.  Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген спортшылар ұлттық ойындардың 8 түрі бойынша сынға түсуде.

Ипподромға ағылған жұрт қазақтың бағзыдан келе жатқан теңге ілу, жамбы ату, аударыспақ, қазақ күресі сынды ойындарына куә болып, ат құлағында ойнаған жігіттердің өнеріне тәнті болды.

«Жамбы атуда қарсыластар бар. Барлық облыстан дайындалып келген. Бұл жерде мергендік те, ептілік те аттың үстінде жақсы отыра білу керек. Ат пен мергендік сай болса, жеңімпаз боласың», - деді  фестивальға қатысушы Ербұлан БЕКБОСЫНОВ.

Ең тартысты ойын көкпар финалына Тараз және Шымкент қаласының командалары шықты. Олар көк серкені тақымдап, қызықты ойын көрсетті. Ойында Оңтүстік Қазақстан облысының Құлагер тобы жеңіске жетті. Осылайша бұл команда республиканың 9 дүркін чемпионы Әулие ата командасын басып озып, еліміздің 5 дүркін чемпионы атанды. Атап өтерлігі, биыл жарыс ережесіне біраз өзгеріс енгізілген. Көкпарда қазандық алынып тасталды.

«Жаңа ережеде қазандық жоқ. Сондықтан біз жердегі шеңберге жаңа тактика басқаша қолдандық. Бастан шауып шыққанда ең бірінші. Бұрын қазандық болғанда шабуылдаушы жіберуші едік. Бұл жолы енді жерде болғаннан кейін шеңбер біз қорғауылшы қалған үшеуін шабуылшы қылып жібердік», - деді ОҚО «Құлагер» командасының жаттықтырушысы Бақтыбай ШЫРЫНҚҰЛОВ.

Фестиваль кезінде қазақтың дәстүрлі саз аспаптары мен тұрмыстық бұйымдарының көрмесі де ұйымдастырылды. Сондай-ақ көрермендер құсбегілердің де еркін қимылын тамашалай алды. Оған қоса, қала тұрғындары мен қонақтарына театрландырылған қойылым көрсетілді.

Ұлы дала ойындарында оза шапқан сәйгүліктер 11 маусым күні Астанада Президент жүлдесі үшін өтетін ЭКСПО кубогына қатысады. Осы жылдың аяғына дейін Алматы ипподромында  жүлделік қоры 80 миллион теңге болатын 89 бәйге ұйымдастырылмақ. Спорт сүйер қауым үшін қазақ  күресінен «Алматы Барысы» мен «Әлем Барысы» сайыстары өткізілетін болады.

Перизат Көмекбайқызы, Нұржан Оразбеков, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров