Алматыда аяусыз адам өлтіріп, артынша мәйітін бөлшектеп қоқыс жәшігіне лақтырып кеткен қылмыскерлерге сот үкімі шықты. 80 мың теңге ақша үшін Роман Ситактың өмірін қиғандардың бірі 16 жарым жылға сотталса, ендігісі 15 жарым жылын түрмеде өткізеді. Жантүршігерлік оқиғаның жай-жапсарын Айдана Мейрамбайқызы айтып берсін.
Өткен жылы 6 қыркүйекте алматылықтар Абылайхан даңғылындағы үйлердің бірінің қоқыс контейнерінен бөлшектелген ер адамның мәйітін табылғанын естіп жаны түршіккен еді. Көп ұзамай марқұмның аты-жөні анықталып, осы қылмысқа қатысты күдіктілер қолға түскен болатын. 1991 жылы туған Роман Ситакты айуандықпен өлтіргендер бұрын сотталмаған, 23 пен 24 жастағы жігіттер болып шықты. Оларға 99 баптың екінші тармағы бойынша адам өлтірді, 188 баптың екінші тармағы біреудің мүлкін жымқыру және 384 баптың 3 тармағы біреудің құжаттарын қасақана ұрлап, жоқ қылды деп айып тағылды. Тергеу материалдарынан соң екеуінің кінәлары дәлелденіп, сот қос қылмыскерге қатысты үкім шығарды.
«Сот шешімімен Қабденов Азамат Жанұзақұлы екі бап бойынша айыпты деп танылып, 15,5 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал, Абельдинов Таир Сапарғалитұлы тағылған барлық айып бойынша, "Адам өлтіру", "Бөтеннің мүлкін ұрлау" және "Құжат ұрлау" дерегі бойынша мүлкі тәркілене отырып, 16,5 жылға бас бостандығынан айырылды. Сотталушылар жазасын қатаң тәртіптегі колонияда өтейді. Сонымен қатар, сотталушылардан материалдық шығын ретінде 332 мың теңге, моральдық шығын ретінде бір миллион теңге өндіріледі»,- деді Алматы қаласы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданарлық сотының судьясы, Қасым ҚАЛМАҒАМБЕТОВ.
Азамат Қабденовтың қаза тапқан жігітке 80 мың теңге көлемінде берешегі болыпты. Жантүршігерлік оқиғаға себепкер болған да осы қарысз мәселесі. Оқиға болған күні марқұм Роман Ситак Азаматтың біреуден ұрлап келген Play station приставкасы мен Macbook-ын сатып беріп, одан өзіне тиесілі 80 мың теңге көлеміндегі ақшасын ұстап қалып, қалған бөлігін кейін беремін деп айтқан. Алайда, бұған келіспеген Қабденов арадағы дауды жұдырықпен шешуді жөн көріпті. Ұзақ кикілжіңнен соң ол Романды пышақтап өлтіріпті, ал қасындағы серіктесі Таир Абельдинов мәйітті бөлшектеп ыртқа шығарған.
"Романды өлтіру ойымызда болмады" деп соңғы сөздерін айтып, ақылған жарылған қылмыскерлерге сот процесіне жиылған марқұмның туыстары мен барлық жора-жолдасы жиіркене қарады. Араларында Романның суретін бауырына қысқан анасы да бар. Ол баласын айуандықпен өлтіргендердің көзіне қарап, қарғап-сіледі.¤
«Енді олар істеген қылмыстары үшін Құдайдың алдында жауап береді. Олардың мойындарында баламның қаны жүктелген. Роман тірі жанға жамандығы жоқ, өте мейірімді, ақкөңіл адам еді. Оның бейнесі мәңгілікке біздің жүрегімізде қалады»,- деді Р.Ситактың анасы, Ольга ДОЛОТОВА.
«Айта кетсек, бұған дейін мемлекеттік айыптаушы қос қылмыскерді 18 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған болатын. Десе де, марқұмның туыстары соттың үкімімен келісетінін және ешқандай аппелляциялық шағым түсірмейтіндіктерін жеткізді. Олардың ендігі мақсаты Романның өзі қайтыс болған соң туылған 1 айлық нәрестесін аман-есен өсіру болып отыр.
Айдана Мейрамбайқызы, Қанат Кигізбаев, «Алматы» телеарнасы