Еліміздің Энергетика министрлігі Мәжіліс депутаты Шәкір Хахазовтың сынына жауап берді. Күні кеше халық қалаулысы өз депутаттық сауалында ведомство орынсыз қуат көзінің бағасын көтеріп, оның түсуіне қарсылық танытып отыр деген болатын. Бұған ведомствоның вице - министрі Бақытжан Жақсалиев Шәкір Хахазовтың айтқаны мен таққан міні түсініксіз деді. Өйткені, өкілетті органның электрэнергетикасына қатысты заңжобасында өзгерістер мен түзетулер енгізуіне дәл осы депутат қатысыпты. Астаналық әріптесім Нұржан Сәдірбай дәл қазір студиямен тікелей байланысқа қосылып, тақырыпты тарқатуға дайын тұр.
-Нұржан, Мәжіліс депутатының сауалына энергетика министрлігі қандай жауап қатты?
-Вице-министр Бақытжан Жақсалиев Мәжілістің жалпы отырысында депутат Шәкір Хахазовтың айтқан сыны орынсыз әрі онымен келіспейтіндігін айтты. Оның сөзінше, сонау 2009 жылы электр энергиясындағы сараланған, яғни дифферинциалды тариф жайында шешім қабылданарда Шәкір Хахазов екі қолымен құптағандығын есіне салды. Дегенмен, ведомство өкілі ел арасында электр қуатын үнемдеп, желіге түскен жүкті азайту үшін қабылданған құжат еш өзгеріс әкелмегендігін жасырмады.
«2009 жылы қабылданған заңжобасына енгізілген өзгертулер мен түзетулерге, оның ішінде өзінің депуттатық сауалындағы келтірілген «сараланған тарифтерді жою» жайында шешімдерге өзі қатысқан еді. Оның мәнісі - тәуліктің әр кезінде тариф өзгеріп отыратын. Демек, түнде жарық жаққаны үшін азаматтар күндіз немесе кешқұрым неғұрлым аз ақша төлейтін еді. Бұл тоқ желілеріне түскен жүкті азайтып, тұрғындарды қуат көзін аз қолдануға бейімдеу керек еді. Дегенмен, бұл өз нәтижесін берген жоқ»,-деді ҚР Энергетика вице-министрі, Бақытжан ЖАҚСАЛИЕВ.
-Ал, елдімекендерде көмір тапшылығы сезіліп жатыр деген елдің әңгімесін Бақытжан Жақсалиев жоққа шығарды. Тіпті, көмір тапшылығы жоқ деп қысқа қайырды. Еліміздегі газ және көмірмен жұмыс жасайтын барлық стансалардың жылу көзі жеткілікті деді.
«Бүгінде барлық ірі электр стансалары мен қазандықтарда 3,5 миллион тоннадан астам көмір жиналды. Бұл нысандардың жартысы көмірмен және қалғаны газбен жұмыс істейді. Сондықтан, көмір жағынан ешқандай туындаған мәселе жоқ. Барлығы толық көлемде қамтамасыз етілген»,-деді ҚР Энергетика министрлігі атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің төрағасы, Сұңғат ЕСІМХАНОВ.
- Бақытжан Жақсалиев елде сатылатын көмірдің сапасына қатысты шағымдарды ведомство қаперге алғандығын тілге тиек етті. Соңғы кезде ел азаматтары арасында жанбайтын көмірдің көп кездесетіндігі туралы әңгімелер жиі айтылып жүрген еді. Энергетика вице-министрі бұл тау-кен өндіру жұмыстарында болған кемшіліктерге байланысты екендігін айтты. Бүгінде осындай қара отын өндіріс орындарының өкілдерімен тиісті жұмыстар жасалып жатыр деді.
- Нұржан, Астанадағы қазіргі ауа райы қалай болып тұр? Аяз әлекке салып жатқан жоқ па?
- Астанада дәл қазіргі кезде далада - 30 градус төмен. Бетіңді ызғар шалады. Бірақ, алдыңғы күндерге қарағанда, аяз сәл басылғандай. Дегенмен, мамандар жаурап қалмау, үсік шалмау үшін қалың киініп жүріңіздер дейді. Барынша жылы киініп жүрміз.