Денис Теннің өлімі үшін ұсталған екі күдіктінің қылмысын дәлелдейтін айғақтар айқын. Ішкі істер министрлігінің ресми жауабы бұл. Құқық қорғау органы әйгілі спортшының өліміне қатысты істің тергелуі жайында Астанада брифинг өткізді. Алайда, Ішкі істер министрінің өзі қатысқан жоқ.
Тілшілер қойған сауалдарға министр орынбасары Рашид Жақыпов жауап берді. Ол ең алдымен, Денис Теннің көз жұмуы төңірегіндегі қауесеттерді жоққа шығарды. Жұрт назары ауған қайғылы оқиғаға қатысы бар деген күдіктілер кездейсоқ адамдар емес деді. Өйткені, құзырлы органда қылмысты әшкерелейтін дәлелдер бар.
Айта кетейік, күдікті Нұралы Қиясов Денис Тенді өзі пышақтағанын мойындаған болатын. Дегенмен, спортшыға пышақты кім сұққаны толық сараптамадан соң ғана анықталады.
«Әлеуметтік желілердегі пікірлер мен бұқаралық ақпарат құралдарындағы мақалаларды оқыдық. Атап айтқанда, полиция бірінші кездескен адамдарды ұстап алды деген қауесет шындыққа жанаспайды. Аталған қылмысты жасаған нақты адамдар анықталды. Осы орайда, олардың бұл қылмысқа қатыстылығы бойынша бұлтартпайтын дәлелдер бар», – деді ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Рашид ЖАҚЫПОВ.
Ақпарат көздерінде «мәнерлеп сырғанаушыға шабуыл жасағандардың бірі Арман Құдайбергенов 10 күн бұрын Астанада ұсталған» делінген болатын. Министр орынбасары бұл мәліметті растады. Құдайбергенов расымен де, көлік айнасын ұрлау кезінде полиция қолына түскен. Бірақ осыған дейін де сотты болған Құдайбергеновтің қала аумағынан шықпау туралы қолхатын алып, тәртіп сақшылары оны босатып жіберген.
«Расында да, Арман Құдайбергеновты астаналық патрульдік бекет жасағы 11 шілде күні көлік айналарын ұрлау үстінде ұстаған. Оған қатысты заңға сәйкес, жеделдетілген процедурада сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған. Ол рәсім бойынша тергеу 15 күнде жүруі тиіс болатын және бұлтартпау ретінде тіркеліп отыру шарасы қолданылған. Тіркелу міндеттемесі күдіктінің өзге қалаларға баруына шектеу салмайды, тек белгіленген уақытта келіп тұрса жеткілікті», – деді ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Рашид ЖАҚЫПОВ.
Журналистер «құзырлы орган өкілдерінің қатесі мен қызметтік ағаттығы дәлелденсе, министрлік көпшіліктен, ең бастысы, Денистің ата-анасы мен туыстарынан кешірім сұрай ма» деген сұрақ қойды. Рашид Жақыпов өз қоластындағылардың кінәсі болып жатса, ол үшін кешірім сұрауға дайынмын деп жауап берді. Тағы бір сұрақ – брифингке келмеген Қалмұханбет Қасымов өз еркімен қызметінен кете ме? Айта кеткен жөн, елді дүр сілкіндірген оқиғадан кейін мәселені Алматы қаласының қоғамдық кеңесі де талқылаған еді.
«Министрдің отставкасы туралы мәселеге тоқталсақ, өздеріңіз білесіздер, бұл жағдай Ішкі істер министрлігінің құзырында емес. Бұл сауалға қатысты тыңғылықты жауап бере алмаймын. Министр сапарда жүргендіктен, баспасөз мәслихатына қатыса алмады», – деді Р. ЖАҚЫПОВ.
Естеріңізге салсақ, 19 шілдеде Алматыда олимпиада жүлдегері Денис Тенді автоұрылар пышақтап кеткен болатын. Спортшы көп қан жоғалтып, ауруханада көз жұмды. Кейіннен, іздестіру амалдары аясында күдіктілер ретінде Нұралы Қиясов пен Арман Құдайбергенов есімді азаматтар ұсталған еді. Олар қылмыстарын мойындап, айғақ зат есебінде оқиға кезінде қолданылған суық қару тәркіленген. Қару қылмыстық іс материалдарына қоса тіркелген. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп, бірқатар сараптамалар тағайындалды.
Нұржан Сәдірбай, «Алматы» телеарнасы, Астана