Шымкентте тағы бір мектеп оқушысы өзіне қол салды. Суицидке барған жеткіншек үйінің қорасында асылып қалған. Қайғыдан қан жұтқан отбасы жалғыз ұлдарын өткен жексенбіде жер қойнына тапсырды.
Перзентінің мәйітін бірінші болып өз анасы қорадан байқаған. Қайғылы оқиға болмас бұрын 14 жасар Әзімхан малға жем-шөп саламын деп сыртқа шыққан. Баласының ұзап кеткеніне мазасызданған анасы іздеп қораға кіргенде сұмдық көріністі көреді.
Мал қорадан табылған жасөспірімнің денесі сол мезетте қалалық №1 ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер жеткіншектің денесінен ұрып соғу белгілерін байқамапты.
«Келгенде өмір сүру белгілері болмаған. Жүрек қағысы жоқ. Мәйітті тіркеп, сот-сараптамалық экспертизаға жібердік. Полицейлерге хабар бердік», - деді Шымкент қаласы №1 ауруханасының қабылдау бөлімінің дәрігері Ғалымжан ӘБДІРАЙЫМОВ.
Бүгін Әзімханның сыныптағы орны бос тұр. Қайғылы оқиға болған күні Әзімхан түске дейін сабақта болыпты. Құрдастары мен сынып жетекшісі оның оғаш мінезін байқамаған.
«Әдеби кештерге, сабақтарға қатысатын. Тәртіпке бағынатын бала еді. Сол күні сабақта жақсы отырған.Көңілді. Бір екі сабақтардан баға да алған»,- деді сынып жетекшісі Фарида ХАНХОДЖАЕВА.
Белгілі болғандай, қайғылы оқиға бойынша қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүруде. Айта кетейік, бұл Шымкентте жыл басынан бері жасөспірімдер арасындағы өз-өзіне қол жұмсаған екінші дерек. Осыдан бір апта бұрын Қайнарбұлақ саяжайында №83 мектептің 11 сынып оқушысы да өз үйінің ауласында асылып қалған болатын. Мектепті тәмамдауға шақ қалған оқушы бір парақ қағазға бірнеше баланың аты-жөнін жазып тастап кеткені анықталыпты-мыс.
Азамат Әуезхан, Алматы телеарнасы