Қала келбеті қалыпқа келіп жатыр. Алматы темір жолдарындағы сұры кеткен дүңгіршектер сүрілгеннен кейін тұрғындар мен қала қонақтарының жүріп-тұруы біршама жеңілдей түскен. Енді жолаушыларға тек бір ғана сауда дүкені, дәріхана мен тамақтану пункты қызмет көрсетеді.
Бұл Алматы-1 темір жол вокзалының осыдан 1 ай бұрынғы көрінісі. Мұндағы жабайы сауда қала көркін ұсқынсыз көрсетіп, көлік кептелісі мен құжынаған адамдардан аяқ алып жүру мүмкін еместей еді. Қалалық сот шешімімен Алматы-1 темір жол вокзалындағы заңсыз жұмыс істеп тұрған 28 дүңгіршек сүрілген болатын. Дүкен қожайындарына былтырғы қыркүйек айынан бастап бірнеше рет ескерту жіберілген.
«Мәжбүрлі түрде соттың шешімін орындау болып отыр. Алдын ала бұл кісілерге ескерту хаттар берілген болатын. Ескертуді ала тұра ешқандай шара қолданған жоқ. Сол себептен қазір мәжбүрлі түрде соттың шешімін орындап жатырмыз. Мұндағы бұзылып отқан объектілердің бәріне соттың шешімі бар»,- деді Сот орындаушы, Рақым ОРЫНБАЕВА.
Темір жол төңірегінің қалыпқа келгені қала келбеті үшін ғана емес, қарапайым тұрғындардың да тынысын ашқандай. 80 жасқа таяған алматылық Валентина Кузина темір жол маңында асыр салып ойнаған кездерін сағынышпен еске алды. Ол вокзал айналасының тәртіпке келгеніне дән риза.
«Бұрын бұл жер қандай еді?! Қазір сол баяғы қалпына еніп келеді. Тәртіп мықты болатын. Керекті қоғамдық көлігіңнің қайда тоқтайтынын білмей дал болмайтынбыз, қазіргідей өз орнында тұратын. Мына дүңгіршектердің ешқайсысы жоқ еді. Әуежай мен темір жол вокзалдары қаламыздың қақпасы, келбеті ғой. Ретке келтіріп жатқан әкімдікке алғысым шексіз. Енді осы қалпында қалса екен»,- деді Алматы қаласының тұрғыны, Валентина КУЗИНА.
Расымен, қазір мұнда бұрынғыдай қаптаған көлік кептелісі байқалмайды. Қалалықтар да жүріп-тұрудың жеңілдегенін айтты.
Бұндай керек емес бутиктерді алып тастағаны жақсы болды. Халыққа жақсы болды негізі. Бутиктер болғанда адамдар сығылысып өтер еді, ал қазір еркін өтіп жатыр.
Вокзалдың алдына ондай қойған дұрыс емес, адамдар үйіліп алады. Ашық, әйбат болып қапты.
Мына бутиктерді алып тастағаны өте жақсы, әлде де бұл жерде кемшіліктер бар. Содан кейін анау тұрған автобустар бар ғой оларға нөмірін жазып қайсысы қай жерде тұрғанын жазып қою керек.
Бүгінде Алматы-1 және Алматы-2 темір жол станцияларында барлығы 50-ге тарта заңсыз сауда орны алынып тасталды. Бұл шара әлі де жалғасын таппақ. Кезекте, вокзал ішінде орналасқан дүкендерді сүру жоспарда бар. Енді мұнда сауда жасайтын жалғыз минимаркет, дәріхана және тамақтану орны жұмыс жасайтын болады.
Назкен Байтілес, Ескендір Тоғыспаев, «Алматы» телеарнасы