Алматы қалалық мәслихат депутаттығына үміткерлер осы айдың 28-нен бастап үгіт-насихат жұмыстарына кіріседі. Сайлауға қатысатын кандидаттардың екеуін «Нұр Отан» партиясы ұсынса, қалғаны өздеріне сенімді екендіктерін алға тарта отырып қатысуға өтініш берген. Әзірге 11 үміткер бар. Олардың қатары басқа да партиялар мен қоғамдық ұйымдар тарапынан 24 ақпанға дейін толығуы мүмкін. Айта кетейік, қалалық мәслихат депуттатығына кез келген 18 жастан асқан ел азаматы үміткер ретінде ұсыныла алады.
«Ұсынылу уақыты - 25 қаңтардан 24 ақпанға дейін жүреді. 25 ақпаннан 27 ақпанға дейін тіркеу жалғастырылып, 28 ақпаннан үгіт-насихат науқаны басталады. Бүгінгі күнде 12 кандидат ұсынылды. 2-уі «Нұр Отан» партиясынан, қалғандары өзін-өзі ұсыну жолдарымен. 1 кандидат арыз бойынша өзінің кандидатурасын сайлау науқанынан түсірді», - деді Алматы қалалық сайлау комиссиясының төрайымы Жанна АСАНОВА.
Айта кетейік, «Нұр Отан» партиясы ұсынған екі үміткердің бірі - белгілі кәсіпкер, қоғам белсендісі Қайрат Құдайбергенов болса, екіншісі- «Нұр Отан» партиясының Алматы қалалық филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғамдық кеңес төрағасының орынбасары, «Қазақстан - 2050» бағдарламасын қолдау қорының президенті Ерболат Қасымов. Қос кандидатты партиялықтар бір ауыздан қолдады.