Денис Теннің өліміне қатысы бар екінші күдікті ұсталды

Денис Теннің өліміне қатысы бар екінші күдікті ұсталды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Денис Теннің автокөлігін тонауға қатысқан екі күдіктінің де есімі белгілі. Біреуі ұсталып, қазір жауапқа алынып жатыр, тіпті оны бүгін алматылықтар қылмыс орнында көрді.

Халықтың ұлын өлтіргені үшін ауыр жаза арқалауы ықтимал жас жігіт тергеу экспериментін жүргізу үшін фигурист көз жұмған Құрманғазы және Байсеитова көшелерінің қиылысына жеткізілді. Күдікті Денис Тенді өлтіргенін мойындады - деп хабарлады Алмалы қалалық Ішкі істер департаменті. Тергеу мәліметінше, ұсталған күдіктінің бұған дейін де өзгенің дүниесін тонап кеткені үшін екі рет істі болғаны анықталды. Ал екінші күдікті іздестіріліп жатыр.  

Жеңіл жолмен кәсіп ету жолында қастандыққа барған екі күдіктінің бірі – Нұралы Қиясов. Жамбыл облысынан келген 24 жастағы азамат қылмысын толық мойындаған. Сұрақ қойғызбай, тек мәлімдеме ғана жасаған құқық қорғау органдарының басшылары, тергеу амалдарына байланысты өзге ақпарат бере алмайтындықтарын  көлденең тартты.    

«19 шілдеде шамамен сағат 15:00 де Байсейтов пен Құрманғазы көшелерінің қиылысында Денис өз көлігінің айнасын ұрламақшы болған екі адамды ұстамақшы болғанда пышақ жарақатына түсті. Аталған іс бойынша ҚР ҚК 99-бабының 2-тармағы бойынша соталды тергеу  жұмыстары жүргізілуде», – деді Алматы қаласы ІІД басшысының міндетін атқарушы Ізбасар БЕКТҰРОВ.

24 жастағы күдіктіні арнайы жасақ пен полицейлер оқиға болған жерге алып келді. Қылмысын мойындаған күдіктіге қарсылық танытқан халықтан қаймықты ма, сақшылар қарулы қоршаумен күдіктіні бірден кері алып кетті. Ал Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева өтіп бара жатқан адамдардың бірі жедел жәрдем шақырғанға дейін спортшының қанша уақыт жатқанын болжап көрді. Вице-министрдің айтуынша, қан бірнеше метрге ағып, жайылған. Күре тамырлар, оның ішінде сан артериясы ауыр жарақаттанса, адамға 2-3 минуттың ішінде өлім қаупі туады дейді Ләззат Ақтаева.

«Өлгеннен кейінгі диагнозы – он жақ санының жоғарғы бөлігі мен жамбас жарақаты, бетінің бірнеше рет тілінуі, тізе буындарының тілінуі, қан кету шогы, клиникалық өлім деп тіркелді. Алған жарақаттарының толық тізімі сот-медициналық сараптамада көрсетілген және ол тергеу құпиясы болып саналады», – деді ҚР Денсаулық сақтау  вице-министрі Ләззат АҚТАЕВА.

Тапа-талтүсте тонаушылыққа барған Қиясовтың бұған дейін де бірнеше рет қылмыс жасағаны анықталды. Жамбыл облысының Мерке ауданында ол екі рет көлік тонаса, бір рет мас күйінде рөлге отырып ұсталған. Сондай-ақ, Алматыда жасанды, жалған нөмірмен көлік жүргізгені де белгілі болды. Бірақ бір қызығы, бұл оқиғалардың барлығы бір жылдың ішінде қайталанғанына қарамастан, ол жазадан жеңіл құтылған. Ақыры, арты осындай ауыр қылмысқа алып келгенде ғана тұтқындалып отыр.

Ал екінші күдікті Арман Құдайбергенов бүгін кешке ғана құрықталды. Қызылорда облысының Қармақшы ауданынан келіп, тонау жолына түскен күдіктіні тұтқындау жұмыстары бір тәулік бойы жүргізілген.

«Екінші күдіктінінің аты-жөні, түр-тұлғасы толық анықталды, оны жедел тұтқындау жұмыстары жүргізілді», – деді Алматы қаласының прокуроры Берік ЖҮЙРІКТАЕВ.

Сондай-ақ, Денис Тен ауыр жарақат алған жерден 300 метр қашықтықта клиникалық аурухананың болғанына қарамастан, жедел жәрдем қызметкерлерінің спортшыны өзге ауруханаға алып кету себебі де сарапталмақ.

Танымал спортшының өліміне себеп болғандар қасақана кісі өлтіру бабымен өмір бойы түрмеге қамалуы да мүмкін. Ал дүйім жұртты дүрліктіріп, халыққа қайғы әкелген қаскөй Қиясов оқиға орнында еш қысылмастан, өзін тым еркін көрсетті.

Әмірболат Құсайын, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров