Алматы тұрғындары үй іргесіндегі жанармай бекеті құрылысын тоқтатуды талап етуде

Алматы тұрғындары үй іргесіндегі жанармай бекеті құрылысын тоқтатуды талап етуде
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Түрксіб ауданының тұрғындары да көпқабатты үйге жақын орналасқан жанармай бекетінен келер қауіп көп деп дабыл қақты. Маңайда мөңкіген бензин иісі өз алдына, енді үлкен бекет салынса, қаптаған көліктен көз ашпай қаламыз дейді олар. Ал құрылысқа жауаптылар заң жүзінде жұмыс істеп жатқандарын айтады.

Мына тұрғын үйдің маңында орналасқан жанар-жағармай бекеті құрылысының басталғанына 2-3 күн болыпты. Тұрғындар болса өткір бензин иісі мен толассыз дүрілдеген шудан әбден мезі болдық дейді. Ал мына салынып жатқан нысан мен тұрғын үйдің арасы небәрі 15-20 метрдей.

Бұл үйде 170-ке жуық пәтер болса, онда шамамен 500-ден астам халық тұрып жатыр. Тұрғындардың сөзінше, енді бекет кеңейтіліп, қайта жөндеуден өтпек. Бірақ құрылысы басталғалы халық өмірімізді қауіпке тігетін болдық деп, бекеттің салынуына түбегейлі қарсы.

«Бекетті жаңғыртуға әкімдіктен рұқсат беріліпті. Алайда біздің еліміздегі құрылыс нормалары мен ережесінде А, Б, С типтегі жанармай құю бағаны темір жол мен автокөлік көпірінен 100 метрден кем орналаспауы керек екені жазылған. Бірақ бұл бекет мұнда бұрыннан бар. Жанармай бекетінің үйімізге тым жақын орналасуы бізді қатты алаңдатып отыр», - деді қала тұрғыны Александр ШЕХАВЦОВ.

«Бұрын жанармай құю бекеті шағын ғана еді, енді оны үлкейтпекші. Бізде кішкентай балалар бар, әрі-бері жүретін көлік қаптайды. Жағымсыз иістен үйіміздің терезесін тіпті аша алмаймыз. Мұнда тұрғын көп, не жағдай болары белгісіз.  Қанша табыс көргісі келсе де халықты да ойлау керек қой», - деді қала тұрғыны Ирина АСАБИНА.

Наразы болған тұрғындар ең болмаса, құрылыс жүретінін неге ескертпеген дейді. Сондай-ақ олар жанармай бекеті тұрғын үйге өте жақын орналасқан деп есептейді. Ал мердігер компания өкілдері жоба тиісті сараптамалардан өтіп, жауапты мекемелермен келісілгенін алға тартты.

«Мемлекеттік сараптамадан оң нәтиже алғанымыз, қалалық сәулет басқармасының шешімі және құрылысты бақылау мекемелерінен келген рұқсат қағаздардың бәрі қолымызда. Ал құрылыс маңындағы шу мен басқа да келеңсіздіктерді жақын арада жоюға тырысамыз. Тұрғындардан кешірім сұрай отырып, түсіністікпен қарауларын өтінеміз. Қайткенімен, біз заң жүзінде жұмыс істеп жатырмыз», - деді тапсырыс беруші компанияның өкілі Мұрат САҒАЛИЕВ.

«Түрксіб ауданы, Майлина 77 А мекен-жайында салынып жатқан жанармай құю станциясы құрылыс монтаждау жұмыстары заңға сәйкес жүргізіліп жатыр.  Бас мердігермен авторлық және техникалық қадағалаушылармен келісім шартқа отырып, 2017 жылдың 4 тамызында мемлекеттік сәулет құрылыс басқармасына тапсырыс беруші «КазСтар Констракшн» компаниясынан бізге құрылыс монтаждай жұмыстарының басталуы жөнінде хабарлама түсті», - деді Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының бөлім басшысы Олжас ТӨЛЕБАЕВ.

Бейімбет Майлин көшесінде тұрған бұл жанармай бекеті сонау 1961 жылдан бері бар-мыс. Десе де, осыдан екі-үш жыл бұрын жұмысын тоқтатқанға ұқсайды. Енді бекет жаңарып, жанына супермаркет салу да жоспарланыпты. Мердігерлер құрылысты жақын арада аяқтап, жұртқа мейлінше ыңғайсыздық туғызбауға тырысамыз деп отыр.

Назкен Байтілес, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров