|
11.01.2024 | 20:07
3363

Жазушылар Мемлекет басшысының сұхбатына пікір білдірді

Президент атап өткен бастамаларды Алматыдағы зиялы қауым өкілдері талқылады

Жазушылар Мемлекет басшысының сұхбатына пікір білдірді Almaty.tv

«Келешегімізді кемел етуге ұмтылып, ұлттың ұлылығын нақты іспен дәлелдеуге тиіспіз». Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында осылай деді. Дүниетанымымызға жат мәдениетке көзсіз еліктеуден, жалған патриотизмнен, даңғойлық пен дарақылықтан сақтануымыз керек деп баса айтты. Мемлекет басшысы көтерген бастамаларды бүгін жазушылар мен қаламгерлер, зиялы қауым өкілдері мен қоғам қайраткерлері талқылады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Үкіметтің қазіргі құрамы былтыр көктемде жасақталды. Конституциялық реформа жасалды. Парламент сайлауы өтті. Жаңа жүйеге сәйкес, Премьер-министрдің құзыреті кеңейді. Яғни Үкімет стратегиялық міндеттері мен күнделікті негізгі жұмысын қоса атқарады. Бұл – басқа елдерде бұрыннан бар әдіс. Мемлекет басшысы айтқан бұл бастамаларды Алматыда жазушылар талқылады. Тіл жанашырлары сұхбаттың қазақ тілінде өткеніне аса мән беріп отыр.  

– Сұхбаттың «Казахстанская правдаға» емес, «Егемен Қазақстанға» жариялануы, яғни мемлекеттік тілімізде, Президенттің мемлекеттік тілде журналистпен сұхбат құруы астын сызып айтатын дүние деп ойлаймын. Оның ішінде саяси, экономикаға, жалпы қазақ деген халықтың жан дүниесіне жасалатын реформа айтылды. Мұның арғы жағында үлкен дипломатия жатыр. Түсінген адамға астарлы сөз көп, – деді Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов.

Елден шетке кеткен заңсыз активтерді қайтару. Бұл да қазір Үкіметтің басты назарында тұрған мәселе. Бұл ретте Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса «халықтың байлығы халыққа қайтуы керек» деді. Былтыр заң қабылданды. Комиссия жұмысын бастады. Алғашқы нәтижелер айтылды. Бастысы сең қозғалды. Халық қалаулысы «бұл қуантарлық жағдай» дейді.

– Он жыл бұрын осы мәселені көтергенде шетке кеткен ақшаны 167 млрд доллар деді. Одан бері 10 жыл өтті. Қазір 200 млрд долларға жеткен шығар. Алғашқы 876 млрд теңге қазынаға түсті. Әлі бір трлн-ға жетпейді. 100-ден бір бөлігі ғана қайттарылды. Бірақ заңның қабылданғаны қуантады. Комитет іске кірісті, – деді  ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса.

Тағы бір маңызды іс-шара – Астана халықаралық форумы. Алқалы жиын биыл маусымда өтеді. Оған әлемнің көптеген көшбасшысы мен жаһандық деңгейдегі компаниялардың жетекшілері қатысады. «Жиында климаттың өзгеруі, азық-түлік тапшылығы және энергетикалық қауіпсіздік сияқты мәселелер қаралады» деді Президент. Бұл мәселе Қазақстанды ғана емес, әлем елдерін алаңдатып отыр.

– «Ұлтымыз өсіп-өркендесін десек, жақсыдан үйреніп, жаманнан жирене білуіміз керек» деді Президент. Қоғамда еңбекқорлық пен жасампаздықтың жоғары бағалануы және білімпаздық пен жаңашылдықтың салтанат құруы керек екендігін айтты. Мемлекет басшысы көтерген бастаманың бәрі – де елдің жайлы өмір сүруі үшін жасалып жатқан дүние. Бұл ретте баршамыз біргуіміз керек. Бастаманың іске асуы жолында аянбай еңбек ету қажет, – деді Алматы қалалық ҚХА төрағасының орынбасары Всеволод Лукашев.

Сондай-ақ Президент өзін «ұлттың қаймағымыз» деп санайтын зиялы қауым өкілдерін қатты сынға алды. «Олар ұлтқа үлгі-өнеге көрсетудің орнына билікке «жағдайымды жасамады» деп өкпе артудан аса алмай отыр» деді. Бұл ұлттық идеологияның даму жолында жалғандыққа жол берілетіндігін айтты. Озық ойлы ұлт ретінде алға қарай қарауымыз керек деген Мемлекет басшысы жалпыұлттық құндылықтарды бәрінен жоғары қоюға шақырды.

Ұлағат Арғын, Сағынтай Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Тоқаев: Өкілетті билікте жастардың үні жарқын естіле бастады

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир