Тоқаев: Аймаққа жеке инвестиция тарту – әкімдердің ең басты міндетінің бірі

Almaty.tv
Almaty.tv
Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін Әлихан Смайыловтың жұмысына алғыс айтумен бастады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін Әлихан Смайыловтың жұмысына алғыс айтумен бастады. Қасым-Жомарт Тоқаев «бұрынғы Үкімет басшысы кезінде еліміз дамуын тоқтатпағанымен, қолға алынған жұмыстар сәл баяу жүрді» дейді. Сондықтан жаңадан жасақталған Үкіметтің қызметіне жаңа серпін қажет, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Олжас Бектеновтың командасына берген алғашқы тапсырмасы – бюджет және салық саясатының тиімділігін қайта қарау болды. Президенттің айтуынша, соңғы бес жыл ішінде бюджет тапшылығы 11 триллион теңгеден асып кетті.

– Қаржы министрлігі былтырғы табыс жоспарын алдын ала төленген осы жылдың салықтары есебінен орындағаны белгілі. 600 миллиард теңге көлемінде қосылған құн салығын қайтару уақытша тоқтатылды. Демек бюджет мәселелері бизнестің айналымдағы қаражаты есебінен шешілді. Әлі шешімін таппаған тағы бір мәселе – бюджетті бөлу тәртібі. Ол экономикалық белсенділікті арттыруға бағытталмаған. Қаражат күнделікті мәселелерді шешуге жұмсалады, стратегиялық мақсаттар соның көлеңкесінде қалады. Үкімет шығыстардың экономикалық пайдасы барынша жоғары болуына баса мән бере отырып, оның нақты басымдықтарын айқындауы керек, – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев негізгі капиталға салынған инвестицияның ішкі жалпы өнімге шаққандағы үлесі азайып бара жатқанын сынады. Яғни экономикаға жеткілікті қаражат салынбай жатыр. Соның салдарынан, алдағы жылдары елдің даму қарқынын сақтап тұрудың өзі қиын болуы мүмкін. Сондықтан ішкі және сыртқы инвестицияны айтарлықтай көбейту керек. Қасым-Жомарт Тоқаев «шетелге жасаған әр бір сапар нақты нәтиже беруі тиіс» дейді. Тіпті сапардан соң Президент немесе  Премьерге есеп берілуі керек деп есептейді.

– Аймаққа жеке инвестиция тарту әкімдердің ең басты міндетінің бірі болуы керек. Барлық мемлекеттік орган ел экономикасына мейлінше көбірек инвестиция тартуға баса мән беруге тиіс. Бұл – негізгі басымдық, олардың жұмысы да соған сәйкес бағалануы керек, – деді Мемлекет басшысы.

Президент экономиканы цифрландыру ісін жалғастыру және жасанды интеллект технологиясын кеңінен қолдану аса маңызды екенін айтты. Әр министрлікте өз саласына цифрлық өзгеріс жасау картасы болуы қажет деген Тоқаев Сингапур тәжірибесін қолдануға кеңес берді.

– Нақты айтқанда, жасанды интеллект арқылы біз экономикамызды қарқынды түрде дамытамыз, сондай-ақ елімізде ең үздік инновацияларды қолданамыз. Ол үшін жұмысты түбірінен бастауымыз қажет, яғни институционалдық орта қалыптастыру керек, – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев Олжас Бектеновтің командасына нақты 10 бағыт бойынша тапсырма берді. Ендігі жұмыс, Мемлекет басшысы нақтылап берген салаларда аянбай еңбек ету керек. Ал, өз кезегінде жаңа Премьер Президент пәрменін бұлжытпай орындауға уәде берді.

Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Астана

Оқи отырыңыз: Тоқаев: Үкімет пен әкімдер жұмыс істеу тәсілін түбегейлі өзгертуі тиіс

Новости партнеров