Ұлытау облысының азаматтары коммуналдық қызметтің құны негізсіз көтерілді деп шағым айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Муслима Шалабаева – Сәтбаев қаласының тұрғыны. Коммуналдық қызметтер үшін өткен аймен салыстырғанда әжептәуір айырмашылықты байқаған ол қаңтарда келген түбіртектің бағасын көріп шошып отыр.
– Мен Гурбы көшесінде ағаш үйде тұрамын. Алдыңғы айда 22 мың теңге төледім. Ал осы айда түбіртекте көрсетілген төлем ақысы 32 мың теңгеден асып тұр. Сіңілім 2 бөлмелі үйде тұрады, 39 мың теңге төлеуі керек. Не үшін қымбат және кім жауап береді? – дейді Сәтбаев қаласының тұрғыны Муслима Шалабаева.
Коммуналдық қызметтерге жауап беретін Сәтбаевтың жылу және сумен жабдықтау кәсіпорнының өкілдері халықты үрейленбеуге шақырды және тарифтің өзгеруін «қалыпты» жағдай деп бағалады. Өйткені қызмет бағасы 2017 жылдан бері көтерілмеген көрінеді. Мамандар түбіртектегі көп соманы бағдарламаның жаңартылуымен байланыстырды.
– 2023 жылдың 1 желтоқсанында СЖСЖК-ның барлық коммуналдық қызметі үшін шамамен 20-23 пайыз аралығында тариф көлемі өсті. Осыған байланысты қаңтардағы түбіртекте кейбір тұрғынның сомасы көп болды. Сонымен қатар біз «Kazakhmys Distribution» кәсіпорнынан сатып аламыз. 1 Гк калориясын 3948 теңгеден сатып алып, жеке тұлғаларға 3499 теңгеден сатамыз. Бұл дегеніміз, тарифтер өзіндік құнын ақтамайды, – деді Сәтбаев жылу және сумен жабдықтау кәсіпорнының есепшісі Ербол Сағындық.
Айта кетейік, Үкіметтің бүгінгі отырысында Мемлекет басшысы тарифтер ұзақ мерзімге белгіленуі керек екенін атап өткен. Бұл өз кезегінде межелі уақыт ішінде салынған инвестицияны ақтап, инфрақұрылым нысандарын тиісті қалыпта сақтауға мүмкіндік бермек.
Оқи отырыңыз: Тоқаев: Аймаққа жеке инвестиция тарту – әкімдердің ең басты міндетінің бірі