Алматы қалалық Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығында қуықтың ауыр дисфункциясы бар балаға жоғары технологиялық ота жасалды, деп хабарлайды Almaty.tv.
12 жастағы науқас хирургиялық бөлімге зәр шығарған кезде қатты ауырсыну, зәрдің іркілуі, іштің төменгі бөлігіндегі ауырсыну және мазасыздыққа шағымданып түскен. Тексеру нәтижесінде дәрігерлер оған зәр шығару жүйесінің туа біткен аномалиясы, гипорефлекторлық типтегі нейрогендік қуық, екі жақты несепағардың нейробұлшықеттік дисплазиясы және қуық дисфункциясы деген күрделі диагноз қойды. Бұған дейін науқас уретероцистонеостомия отасын өткерген.
«Қуықтың жұмысын бақылауды қалпына келтіру үшін біз сакралды нейромодуляция әдісін қолдандық. Ота барысында кіші жамбастағы сакралды жүйке өрімі аймағына электрод пункциялық әдіспен имплантация жасалып, нейростимулятор тері астына орналастырылды. Құрылғы генераторы қуықтың қызметіне жауап беретін жүйкелерді ынталандыратын әлсіз электрлік импульстар береді. Бұл оның қызметін қалыпқа келтіруге мүмкіндік береді», — деді нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі Рахым Ахан.
Ота шамамен бір сағатқа созылды. Отаны хирург Рахым Ахан мамандар тобымен бірге жасады, анестезиолог Нұргүл Оразбаева.
Айта кету керек, соңғы екі жылда Алматыдағы Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығында балаларға сакралды нейромодуляция әдісі үшінші рет қолданылып отыр. Бұл тәсіл орталықтың урологтары мен нейрохирургтарының бірлескен жұмысының нәтижесінде клиникалық тәжірибеге енгізілген.
Дәрігерлердің айтуынша, мұндай технологияны қолдану зәр шығару жүйесінің ауыр туа біткен бұзылысы бар балаларға тиімді көмек көрсетіп, олардың өмір сүру сапасын айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік береді.
Оқи отырыңыз:Алматы әкімі қаладағы ғылыми және қоғамдық қауымдастық өкілдерімен Жаңа Конституция жобасын талқылады