|
16.08.2023 | 12:34
2128

Әл-Фараби даңғылындағы орташа жөндеу жұмыстары мерзімінен бұрын аяқталды

Жол жөндеу жұмыстарын 31 тамызға дейін аяқтау жоспарланған болатын

Әл-Фараби даңғылындағы орташа жөндеу жұмыстары мерзімінен бұрын аяқталды Алматы қаласы әкімдігінен

Биылғы орташа жөндеу жұмыстары аясында ұзындығы 9 км асатын Әл-Фараби даңғылының Достық даңғылынан Асқаров көшесіне дейінгі бөлігінде орташа жөндеу жұмыстары жоспарланған болатын, деп хабарлайды Almaty.tv.

Алдыңғы орташа жөндеу жұмыстары бұл бөлікте 2010 жылы жүргізілген. Нормативті жөндеуаралық мерзімнің өтуіне байланысты тексеру жүргізіліп, оның барысында асфальтбетон жабынында шұңқырлар, жарықтар торы, ұсақталу түріндегі ақаулар анықталды және жолдың ағымдағы жағдайы туралы техникалық қорытынды жасалды. Техникалық қорытынды негізінде Әл-Фараби даңғылын орташа жөндеу жоспарына енгізу туралы шешім қабылданды.

Осылайша, шілдеде орташа жөндеу жұмыстары басталып, оны биылғы жылдың 31 тамызына дейін аяқтау жоспарланған болатын. Қала тұрғындарына ыңғайлы болу үшін жұмыстар түнде жүргізілді. Жөндеу барысын жылдамдату мақсатында жұмыс бригадаларының жұмысы күшейтіліп, көлік жүретін бөлікті 16 тамызда аяқтауға мүмкіндік туындады.

Айта кетерлігі, орташа жөндеу жұмыстары барысында көлік жүретін бөлікпен бірге жаяу жүргіншілерге арналған тротуар бөлігі де жөнделеді. Тротуарларды жөндеу жұмыстарын 31 тамызға дейін аяқтау жоспарланып отыр.

Қазіргі таңда даңғыл бойында Есентай өзені арқылы өтетін көпірде жұмыстар жалғасып жатыр. Реконструкция аяқталғаннан кейін көлік жүретін бөлікте полимерлі асфальтбетон жабынының жоғарғы қабаты төселетін болады. Жол жұмыстарының басталуы туралы қосымша хабарланатын болады.

Еске сала кетейік, биылғы жол жөндеу маусымында қалада алғаш рет полимерлі асфальтбетон жабыны қолданылуда. Жол құрылысында полимер қоспасын пайдалану жабын сапасы мен төзімділігін арттырып, битумның жуылып кетуінің алдын алады. Сонымен қатар полимер жол жабынының пайдалану ұзақтығын арттырып, беріктігі мен аязға төзімділігін қамтамасыз етеді.

Жалпы, қала әкімдігі биыл 200 шақырымнан асатын 230 көшені орташа жөндеумен қамтуды жоспарлап отыр. Қала бойынша 3097 шақырымды құрайтын 2746 көше бар. Жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесін биыл 86%-дан 89%-ға, ал 2025 жылға дейін 95%-ға жеткізу жоспарланған, Аталған мақсатта жыл сайын кемінде 200 км жол жөнделіп отыруы қажет. Осылайша, көрсетілген жұмыс көлемі жол инфрақұрылымын жақсарту жоспарларына сәйкес келеді.

Оқи отырыңыз: Алматыда жылыту маусымына қалай дайындалып жатыр

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир