Алматыдағы ЖЭС-2 2026 жылы газға көшіріледі

Almaty.tv
Almaty.tv
Министр Қазақстаннан Қытайға газ экспорттау мәселесіне де тоқталды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыдағы ЖЭС-2 2025 жылы газға ауыстыру жұмыстары басталады. Бұл туралы бүгін мегаполиске жұмыс сапарымен келген Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Алматы аспанын торлаған көк түтін мен шаң-тозаңнан тазарту мәселесі - бірнеше жылдан бергі өзекті тақырып. Ауаның ластануына көліктің күн санап артуы және жылу электр стансаларынан шыққан зиянды қалдықтар себеп болып отыр. Мегаполисті түгелдей жылумен қамтып отырған қазір 3 алып станса бар. Энергетика министрі ЖЭС-2 көгілдір отынға ауыстыру жұмыстары алдағы жылы басталатынын айтты. 2026 жылы толық қолданысқа берілмек. Жоба сәтті жүзеге асса, зиянды заттар көлемі 38 мың тоннадан 7 мың тоннаға дейін қысқарып, қоршаған ортаға зиян келтіретін газдардың үлесі 6 есе төмендейді деген болжам бар.

– Алматыдағы жылу электр стансаларын газға ауыстырғаннан кейін оларды көгілдір отынмен қамту мәселесі тұр. Ол үшін Алматы-Байсерке Талғар магистральды газ құбырының жанынан екінші желі салу жоспарлануда. Алдымен аймақтағы жеке сектордағы жерлерді сатып алу қажет. Оған шамамен 11 млрд 600 млн теңге қажет болады. Оны Үкімет резервінен бөлуді ойлап отырмыз, – деді ҚР Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев.

Еліміздегі жылу электр стансаларының басым көпшілігі тозған. Оларды жаңарту керек. Ол үшін қомақты қаражат керек. Ол халықтың ай сайынғы тарифтен түскен ақшасы есебінен жүргізеледі. Сол себепті алдағы уақытта коммуналдық қызметтер бағасының өсуі байқалады. Сала басшысы жұмысшылардың да жалақасын көтеру күн тәртібінде тұрғанын айтты.  

– Бұл мәселені табиғи монополияларды реттеу комитеті қарастырады.  Десе де, тұрғындар қалтасына салмақ салмауға тырысамыз. Яғни, бірден қымбаттамайды. Баға біртіндеп көтеріледі, – деді Алмасадам Сәтқалиев.

Елімізде алдағы жылы да мұнай өндіру көрсеткіш көлемі сол күйі сақталмақ. Болжам бойынша 90 млн тоннадан асатын шикізат өндіріледі. Оның 10 млн тоннасы көрші Қытайға жеткізіледі. Минисрдің айтуынша, экспорт көлемі жылдағыдан артады.

– Қытайға шикізат жіберу жұмыстарын еліміздің батыс аймақтары орындайды. Мұнда негізгі көз ретінде Теңіз кен орны қарастырылып отыр. Бүгінге қолданыста Қазақстан-Қытай экспорттық құбыры бар. Сондай-ақ еліміз арқылы Түрікменстан және Өзбекстан көгілдір отынының транзиті өтеді. Осындай жағдайларды ескере отырып, жаңа маршруттық сызбаларды пысықтайтын боламыз, – деді ҚР Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев.

Сондай-ақ еліміздегі уран өндіру және байыту әдісі франциялық технологиямен жүргізілмек. Ол үшін аталған елмен келісімшарт жасалған. Қазақстан уранды шығару мен экспорттауда әлем бойынша көш бастап тұр.

Ұлағат Арғын, Медет Саматұлы «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Алматылық көпбалалы аналар аудан әкіммен кездеседі

Новости партнеров