|
26.12.2023 | 15:18
1590

Биыл Алматы полициясы 1 тоннадан астам есірткі затын тәркіледі

Дерек 12 айда өткен арнайы операциялардың нәтижесінде анықталған

Биыл Алматы полициясы 1 тоннадан астам есірткі затын тәркіледі Almaty.tv

Биыл елімізде ұйымдасқан қылмыстық топтарды құру, оларға басшылық ету және қаржыландыру бойынша 60-тан астам қылмыстық іс тіркелді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Құзырлы орган дерегінше, заңға қайшы әрекетке барған құрылымдардың ішінде трансұлттық ауқымдағы деректер де бар. ІІМ-нің жылдық қорытындысына сүйенсек, бүгінде қылмыстық топтардың 250-ден астам қатысушысына тиісті жаза кесіліп, заңсыз айналымнан 470 қару мен 44 граната және өзге де қауіпті заттар тәркіленген.

Айта кетсек, мұның барлығы 12 айда өткен арнайы операциялардың нәтижесінде анықталған. Тәртіп сақшылары алдағы мереке күндері де қылмыстың алдын алу, қауіпсіздікті бақылау сынды қызметін іске асырады.

Қазақстан бойынша әзірге Алматыда ғана бар жерасты метросы да тәулік бойы тәртіп сақшыларының жіті бақылауында. Біріншіден, бұл – стратегиялық аса маңызды нысан. Ал екіншіден, адам көп жүретін жер. Сондықтан мұндағы қауіпсіздікті сақтау, қылмыстың алдын алу асқан қырағылық пен жауапкершілікті талап етеді.

Алматылық полицейлердің өзге өңірдегі тәртіп сақшыларынан басты айырмашылығы да – осы. Олар қаладағы 11 метро стансасындағы қауіпсіздікке жауапты. Кірген жолаушыдан күдікті зат табылған немесе қауіп төнген жағдайда оқиға орнынан дереу табылып, тексеру жүргізуге міндетті.

Жолаушы құрылғыдан өткенде одан күдікті зат табылса, оқиға орнына кинологтар да шақырылады. Қауіптің алдын алу мақсатында қызметтік төбеттерімен вагондарды түгел тінтіп шығады.

– Қылмыс болған жерде жедел топпен бірігіп, қызметтік иттерді қолданамыз. Соның арқасында көптеген қылмыстың беті ашылды. Жарылғыш затқа келетін болсақ, Алматы қаласында көліктерді, қалып кеткен сөмкелерді тексереміз, – деді Полиция департаментінің аға инспектор-кинологы Азамат Иманғалиев.

Айта кетсек, биыл Алматы полициясы 1 тоннадан астам есірткі затын тәркіледі. Дерекке сүйенсек, тәртіп сақшылары жалпы заңсыз тауардың 5 арнасын жойып, нарко-бизнеспен айналысқан 4 ұйымдасқан қылмыстық топты және 14 адамнан тұратын құрылымды ұстаған.

Оразай Нұртайұлы, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Пиротехниканы қолданғанда нені ескеру керек


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир