Алмалы ауданы тұрғындары әкімнен адам өміріне қауіп төндіретін қураған ағаштарды кесіп тастауды сұрады

Almaty.tv
Almaty.tv
Қала әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров қатысып, тұрғындар сауалын тыңдады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Адам өміріне қауіп төндіретін қураған ағаштар. Аудан тұрғындары әкімнен шіріген ағаштарды дереу кесіп тастауды сұрады. Одан бөлек, бүгін «Алматы» арнасының тікелей эфирінде өткен есептік кездесуде Серік Құсайыновқа түрлі саладағы 200-ге жуық сұрақ қойылды. Тұрғындармен онлайн кездесуге бірнеше басқарма басшыларымен бірге қала әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров қатысып, тұрғындар сауалын тыңдады. Аудан жұртын бұдан басқа қандай мәселелер алаңдатады? Almaty.tv тілшісі Ұлағат Арғынның репортажы.

Есептік кездесуде дәстүр бойынша алдымен аудан әкімі Серік Досымханұлы өткенді қорытындылап, атқарылған шаруаларға тоқталды. «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында, 12 жоба жүзеге асырылып, 11 мың 99 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. «Бюджетке қатысумен» 15 жоба мақұлданып, 160 тұрғын-үй аулалары абаттандырылған. Былтыр мектептегі орын тапшылығын жою мақсатында аудандағы екі мектепке жанама құрылыс жұмыстары басталды. Қысқа есептен кейін, аудан әкімі тұрғындарды көп күттірмей сауал жолдауға кезек берді.  

«Біздің Шагабуддин көшесінің бойындағы өсіп тұрған көптеген ағаш қурап кеткен. Кей ағаштар түбімен қурап кеткен. Соның бұтақтары сынып, айналаға шашылып, қауіп төндіріп тұр. Міндетті түрле сол бұтақтар сынып, адамның басына құлағынын күтеміз бе? Қашан бұл бұтақтар тазаланып, әкетіледі», – деді Алмалы ауданының тұрғыны Халима Наралиева.

Ауданда 220 мыңнан астам ағаш бар. «Жасыл Алматы» қалалық көгалдандыру бағдарламасы аясында экологиялық ортаны жақсарту мақсатында өткен жылы 5 мыңға жуық ағаш отырғызылды. Аудан әкімі ауқымды жұмыс биыл да жалғасатынын айтты.

«Аудандағы барлық ағаш біздің бақылауда. Сіз айтқандай көктемде ағаштарды қырқып, қураған ағашты зерттеп, оларды кесіп тастаймыз. Сіз айтқан мекенжай бойынша жұмыс жүргізілетін болады», – деді Алмалы ауданының әкімі Серік Құсайынов.

Зарина Магаметова көпбалалы ана. 5 жасар кіші баласының мүмкіндігі шектеулі. Олар ем алуға Әуезов ауданындағы орталыққа барса, бос орын жоқ екен. Алайда әкімге осы сұрақты жолдаған ана қуанышты хабар алды.  

«Амал жоқтықтан, Әуезов ауданы орталығына қыста баламды киіндіріп апарып жүрдім. Жолға екі сағат уақыт кетеді. Болашақта Алмалы ауданына коррекциялық орталық қажет. Мен сияқты қанша көпбалалы аналар бар», – деді Алмалы ауданының тұрғыны Зарина Магаметова

«Биылғы жылдың бірінші кварталының аяғына дейін «Аяла» деген орталық ашылады. Райымбек көшесінде. 1 айдың ішінде сіз сол орталыққа барып, басқа орталыққа бармай, мәселеңіз шешіледі деген ойдамын», – деді Алмалы ауданының әкімі Серік Құсайынов.

Аудан тұрғындарын алаңдатқан тағы бір мәселе – автокөлік жолдарының тозуы. Әкімнің айтуынша, былтыр ұзындығы 15 шақырымға жуық 19 көшенің жолы жаңартылған. 8 шақырым жүргіншілер жолы салынды.

«Мен аудан әкімінен жол мәселесін сұрай келдім. Құрманғазы-Шәріпов көшесі қиылысындағы көше жөндеу көрмегеніне бірнеше жыл болды. Қоғамдық көлікке отырған кезде жолдың тозғаны қатты біленеді. Қала ортасындағы жол шоқалақ, ойқыш-ойқыш», – деді Алмалы ауданының тұрғыны Сәуле Әбдірахманова.

«Біз бұл мәселеден хабардармыз. Биыл Құрманғазы көшесінен Мұқанов көшесіне дейінгі жолға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Сіз айтқан Шәріпов көшесі шағын. Оның жолын да жөндеуді біз жоспарға қостық. Жыл соңына дейін жұмыс аяқталатын болады», – деді Алмалы ауданының әкімі Серік Құсайынов.

Тұрғындармен онлайн форматта өткен аудан әкімнің есептік кездесуі 3 сағатқа созылды. 200-ге жуық сұрақ қойылып, 80 тұрғын тікелей эфирде аудан әкімінен жауап алды. Одан бөлек, онлайн кездесу кезінде сұрақ қойып үлгермегендер үшін әкімдікте арнайы жәшіктер қарастырылған. Ал, елді алаңдатқан мәселердің бәрі де  жіті бақылауда болады деп уәде етті, аудан басшысы.

Ұлағат Арғын, Ғани Қалуов, «Алматы» арнасы

Новости партнеров