Алматыда 30 мыңнан астам бала тегін спорт секцияларына тіркелген

Almaty.tv
Almaty.tv
Шаһарда ерекше балалар үшін де спортпен айналысуға жағдайлар қарастырылған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда маусым айынан бері 30 мыңнан астам бала жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру жобасы бойынша спорт секцияларына тіркелген. Қаламыз бұл көрсеткішпен республикада көш бастап тұр. Мамандар мұнымен тоқтамай қатысушылар санын арттырып, дене шынықтыру үйірмелерін көбейтуді көздеп отыр. Одан бөлек, ерекше балалар үшін де спортпен айналысуға жағдайлар қарастырылған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.   

Көркем гимнастика – елімізде кеңінен тараған спорт түрі. Қазір мұнда 250-ден астам жас бүлдіршін дайындалады. Барлығының арманы бір. Олимпиада шыңын бағындырып, Әлем чемпионаттарында топ жару.

Жас қатысушылар көп баратын қаладағы спорт нысандарының бірі – «Алматы Арена». Бүгінде аталмыш жобаның арқасында 2 500-ге жуық бала дене шынықтыру үйірмелеріне тіркелген. Көпшілігі бокс, дзюдо, футбол сынды секцияларға қатысады. Сондықтан қала тұрғындары 4-тен 18 жасқа дейінгі балаларын әкелсе болады дейді әкімдіктегілер.

«Менің дзюдоға қатысқаныма 1 жыл болды. Дзюдо қатты ұнайды. Болашақта чемпион боламын», – дейді қатысушы Мансұр Арыстанбек.

«Біздің ойымыз осы жерден бір чемпион шығарсақ деген арманымыз бар. Осы жердегі барлық жаттықтырушының арманы – олимпиада чемпионын шығару», – деді жаттықтырушы Еркебұлан Сандыбаев.

Ал мамандар жыл аяғына дейін үйірмеге тіркелген бала санын 30 мыңнан 40 мыңға жеткізуді жоспарлап отыр. 2022 жылы қатысушы санын 50 мыңға жеткізу көзделуде. Бұл үшін қалада спорттың барлық түрі қолжетімді және 400-ден астам жаттықтырушы жұмысқа тартылған.

«Қазіргі уақытта қаламызда 400-ден астам спорттық жоба ұсынылды. Ата-аналарға айтарым, осы мүмкіндікті жіберіп алмай, балаларыңызды тегін спорттық секцияларға беріңіздер», – деді қалалық спорт басқармасының бас маманы Даир Ақанов.

Одан бөлек, «Алматы Аренада» мүмкіндігі шектеулі 80 бала тегін жаттығады. Оның басым бөлігі бассейн үйірмесіне тіркелген. Тіпті, осы жоба туралы естіген кейбір ата-ана баласын қатыстыру үшін арнайы Талдықорғаннан келіпті.

«Біз осыған дейін бағасы қымбат жекеменшік бассейндерге амалымыз жоқ болған соң баратынбыз. Қазір осы жобаны естігенде қатты қуандым. Шыны керек, балам бассейнге келгелі жүзуді үйреніп, денсаулығында сәл де болса оң өзгерістер пайда бола бастады», – дейді ата-ана Ажар Серғожаева.

Айта кетейік, жан басына шаққандағы қаржыландыру жобасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен әрі Мәдениет және Спорт министрлігінің қолдауымен жүзеге асуда.

Мерей Қанапиянов, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров